Қытайлық компания Шымкентте қоқыс өртейтін зауыт салады

Қытай компаниясы Шымкентте қоқыс өртейтін зауыт салады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалаға жұмыс сапары барысында айтылды.
Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев «Shymkent City» саябағын аралап көрген. Президент саябақтың аумағы 20 гектардан асатын парктегі субұрқақ пен жасанды тоғанын, амфитеатр мен ландшафтты аллеяларын, воркаут және скейт алаңдарын аралап көрген.
Әкімдік өкілдері парктің экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін алдағы жылдары 1 миллион түптен астам ағаш көшеті отырғызылатынын айтқан.
Сонымен бірге әкімдік өкілдері шаһардағы 12 саябақты абаттандыру, сондай-ақ гүлзарларды, Қошқар ата өзенінің жағалауы мен арықтарды тазалау жұмыстары жүріп жатқанын, бұрынғы қоқыс полигонының орнында Экопарк салынатынын мәлімдеген.
Ал қаланы қоқыстан тазарту үшін қалада қоқыс өртейтін зауыт салынады. Бұл жобаны қытайлық Shaanxi Construction Engineering компаниясы жүзеге асырады.
«Президентке қоқыс өртеу зауытының жобасы таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіре алады», – делінген Ақорда хабарламасында.
Еске сала кетсек, құрылысы жазда басталатын Алматыдағы қоқыс өңдеу зауытын да Қытай компаниясы салады. Жобаға 270 млн доллар көлемінде қаражат тартылады.