Түркия мен Польша елдері Шымкентте жылыжай салуға ниетті

Түркия мен Польша елдері Шымкентте жылыжай салуға ниет білдірген. Бұл туралы қаланың сауда-логистикалық орталығы мен ауыл-шаруашылық көрмесін аралаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Ақорда мәліметінше, президент стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығына барған. Бұл орталық инвесторлардың қаржысына салынған. Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын көп функционалды кешен құрылысына 14,8 млрд теңге қаржы тартылған.
«Орталық өнім сақтаудың озық технологиясымен жабдықталған. Атап айтқанда, тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақтамай, барынша жедел таратуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілген», – делінген Ақорда хабарламасында.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көріп, өңірде екі мемлекеттің инвесторлары жылыжау салуға ниет білдіріп отырғанын жеткізген. Президенттің айтуынша, жылыжай кешендерін салуға түркиялық Alarko Holding компаниясы 650 млн доллар, ал Польшаның Fabe Polska SP кәсіпорны 136 млн доллар көлемінде инвестиция құюға дайындықтарын мәлімдеген.
Президент жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытының жұмысымен де танысып, өңірдің экономикалық өсіміне серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың маңыздылығын атап өткен.
Айта кетсек, кәсіпорынның озық технологиялармен жабдықталған және автоматтандыру деңгейі өте жоғары, оның қуаты жылына 283 млн литрге дейін сусын шығарады.