Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары үшін ажырасу рәсімі жеңілдетілді

Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары үшін ажырасу рәсімі жеңілдетілді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев заңға қол қойды.
Фергана ақпаратына қарағанда, бұдан былай Өзбекстанда отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін татуласу мерзімі белгіленбейді.
Заңда не көрсетілген?
Некені бұзу істерін қарау кезінде егер ерлі-зайыптылардың бірі отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жағдайда және дереу ажырасуды талап етсе, сот татуласу мерзімін тағайындамайды. Тиісті заңға 2024 жылғы 9 сәуірде ел президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды. Құжат күшіне енді.
Отбасы кодексі
Құжатқа сәйкес, Өзбекстан Республикасының Отбасы кодексіне толықтыру енгізілді. Енді сот отбасылық (тұрмыстық) зорлық-зомбылықтан зардап шеккен тараптың талап етуі бойынша татуласу мерзімін белгілемей, бірден ажырасу процесін жүргізе алады.
Неге ондай заң қабылданды?
Заң жобасын Сенатта таныстыру кезінде құжат авторлары татуласу мерзімі кезінде отбасылық жанжалдардың қайталануы әйелдер арасындағы суицид жағдайларына және дене жарақаттарының салдарынан ерте өлімге әкеліп соғатынын атап өткен.
Сондай-ақ, Өзбекстанда балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын заң нормасы енгізілді.