Пара алатын мектеп директорларын түрмеге қамау керек – Нұралхан Көшеров

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Пара алатын мектеп директорларын cоттау үшін арыздану қажет/коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Пара алатын мектеп директорларын cоттау үшін арыздану қажет/коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Пара алатын мектеп директорларын түрмеге қамауы мүмкін. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.

Құйтырқы схема

Әкіммен кездесу барысында түркістандық бір ақсақал мұғалімдік мамандығы бар немерелерін жұмысқа тұрғыза алмай жүргеніне арызданды. Оның айтуынша, білім басқармасы мен мектеп директорлары пара алудың құйтырқы схемасын жасап алған.

«Сыбайлас жемқорлық аудандық білім басқармаларына қатысты. Немерелерім университет бітіріп келеді. Жұмысқа тұрғызайын десең, «Түркістанға барып тест тапсыр» дейді. Мақұл деп, тест тапсырып, 127 балл жинасаң, «сенің фамилияң компьютерде жоқ» деп шығарып салады», – деді ақсақал.

«Миллион теңге бересің!»

Оның айтуынша, ол үшін Созақтың ауданына барып, компьютерге тіркетіп келуді сұрайды екен.

«Оған барсаң, мектеп директорына жібереді. Мектеп директоры компьютерге ілу үшін «миллион немесе бір жарым миллион ақша бересің, сонда тіркеймін» дейді. Созақ ауданында қанша мектеп болса, соның бәрі осылай айтады», – деп облыс әкіміне шағым айтты.

«Арыздану керек»

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров парақорлықпен күресу үшін қоғамның өзі де талапшыл болуы қажет екенін алға тартты.  Оның сөзіне қарағанда, мектеп директорлары пара сұраса, ұстап беру қажет.

«Мектеп директорлары ақша сұрайды деп айтып жатсыз. Немерелеріңіз арыздансын. Құқық қорғау, ішкі істер органдары бар. Сол жерге арызданса, ақша сұрап отырған мектеп директорын парамен ұстатып, қаматып тастау керек», – деді әкім.  

«Сөзден іске көшейік»

Нұралхан Көшеровтің пікірінше, сөзден іске көшетін уақыт келіп отыр.

«Мәселе осында. Қашанғы күнге дейін «анау бүйтіп жатыр, мынау сөйтіп жатыр» дейміз? Нақты фактісі бар ма, арыздану керек. Алаяқтарды, парақорларды түрмеге қамау керек. Болды! Бұл өзімізге байланысты. Нақты іс-әрекетке көшуіміз қажет. Қашанға дейін көз жұмып келеміз?» – деді облыс әкімі.

«Әңгіме басқа шығып жатқан жоқ»

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесуде отырған Білім басқармасының басшысына арнайы тапсырма берді.

«Білім басқармасы отыр. Бұл әңгіме босқа шығып жатқан жоқ», – деп пара алатын мектеп директорларына қатысты мән-жайды анықтауға пәрмен берді.  

Мұның алдында Түркістан облысы тұрғындарына еліміздің солтүстік өңірлерінен 10 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылғанын жаздық.

Сондай-ақ оқыңыз