
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні қалай пайда болғаны туралы туралы түрлі нұсқа бар. Авторына қатысты да қарама-қайшы ақпарат тараған.
Кейбір дереккөзіне қарағанда, алғаш рет 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Дархан Мыңбай ұсынған деген ақпарат бар. Ол кісі кезінде Ақпарат министрі де болды. Ал «Хабар» арнасының тілшісі Серік Аббас-Шах махаббат күні деп 15 сәуірді ұсынған. Өйткені, ол дәл осы күні өзінің махабатының маңдайынан сүйген көрінеді.
Идея сенатордікі ме?
Десе де, журналист Есей Жеңісұлының айтуынша, Қозы-Көрпеш Баян Сұлу күні идеясын көтерген – қазіргі сенатор, сол кездегі «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп. Әрине, оның тапсырмасы бойынша мақала жазып, белсене насихаттаған – Есей Жеңісұлының өзі.
«2001 жылы Нұртөре Жүсіп «неге біздің балалар әулие Валентин күніне құмар? Оның түрлі түсіндірмесі бар. Сондықтан қазақ балаларының да өз махаббат күні болуы қажет» деп бастама көтерді. 11 наурыз бен 19 мамырды Қозы Көрпеш күні, Баян сұлу күні деп екі күнді атады», – деп естелігімен бөлісті журналист.
Мақсат неде еді?
Оның айтуынша, Нұртөре Жүсіптің негізгі идеясы – «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу өмірде қосылмаса да, кейінгі ғашықтар арманда қалмасын, бір-бірімен табыссын» деген ой еді.
«Қандай негізге сүйеніп осы күндерді таңдағанын білмедім. Әйтеуір, бұл күндер – адам жаны жақсылықты қабылдауға жақын күндер. Осы екі күнде жастар табысып жатса, артық болмайды деп қатты насихаттадық», – дейді Есей Жеңісұлы.
«Жас Алаштың» сол кездегі тілшісі өзін «махаббаттанушы» деп атап, қалжыңдаған екен. Бұл күнге орай, ертегі де шығарып жазған кезі де бар.
«Сүйгеніне сөз айту арзандады»
Есей Жеңісұлы ол кезде «Жас алашта» «Студент» деген қосымшаны жүргізген. Технологиялық университетте, Алматы мемлекеттік университетінде кештер өткізуге мұрындық болған.
«Қазір сүйгеніне сөз айтып арзандап, қарапайым болып кетті. Сіз қалай сөз айтар едіңіз?» деп газет бетінде оқырмандарға сауал тастадық. Баспадан жаңа шығып жатқан Мұғали Мақатаевтың «Аққудың қанатында жазылған жыр» атты кітабын ойнаттық. Кітапты ақынның жары Лашын ападан алып, жеңімпаз атанған адамға өз қолыммен апарып бергенім бар. Оқырмандар бұл бастаманы жақсы қолдады», – дейді Есей Жеңісұлы.
«Хабардың салмағы басым болды»
Әрине, газетке қарағанда, телевизияның салмағы басым. Аудиториясы да көп. Сол кезде «Хабар» арнасы да осы бастаманы іліп әкетіп, 15 сәуірге белгілеуді ұсыныпты. Есей Жеңісұлының айтуынша, бір есептен екі күнге созылмағаны да дұрыс.
«Қыздар өз кезегін, ұлдар өз кезегін күтіп жүрмейді. Ғашықтық бұған қаратпайды. Сондықтан бір күні болғаны дұрыс. «Хабардың» аудиториясы мұны алып кетті», – дейді журналист.
«Алғашқы – Жас Алаш еді»
Дейтұрғанмен, «Жас Алаш» басылымы өз бастамасынан айнымай, іс-шараларын жүргізіп жатқан. Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жастар театрында арнайы махаббат кешін өткізген.
«Десе де, «Хабар» арнасы белгілеген 15 сәуір күні қабылданып кетті. Бұған қарсы болмадық. Ең бірінші идеяны ұсынған – «Жас Алаш» газеті еді. Содан бері жастар 15 сәуірді Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні деп қабылдайды», – деп естелігін айтты Есей Жеңісұлы.
Мұның алдында Әулие Валентин күні, бұл мерекенің тарихы, салт-дәстүрмен байланысы туралы қызықты деректерді келтірген едік.