Ресей жауынгерінің әйелі опасыздық жасап, «табыт ақшасын» алып, көңілдесімен бірге Мысырға демалуға кеткен

Жарияланды 11 Сәуір 2025 16:45

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Ресей жауынгерінің әйелі марқұм күйеуінің мүлкін де сатып жіберген/фото: /коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Ресей жауынгерінің әйелі марқұм күйеуінің мүлкін де сатып жіберген/фото: /коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресей жауынгерінің әйелі опасыздық жасап, «табыт ақшасын» алып, көңілдесімен бірге Мысырға демалуға кетіп қалған.

Бұл туралы белсенді әрі волонтер Анастасия Кашеварова хабарлады. Украинадағы соғысқа қатысқан жауынгердің жесірі осылайша Ресей қоғамын дүрліктіріп отыр.  

Опасыздығын бейнежазбаға түсірген

2024 жылдың тамызында «Ахмат» арнайы жасағының жауынгері (лақап аты Варяг) 21 жастағы Ангелина есімді ресейлік қызбен некелескен. Туыстары мен достарының айтуынша, ерлі-зайыптылар бірге ұзақ тұрмаған. Әрі кетсе,  екі-үш апта ғана. Өйткені, ер адам үнемі майдан шебінде болған. Қыз жолдасына ашық опасыздық жасап, басқа ер адамдармен интимдік қатынастағы видеоларын желіге жүктеп отырған. Осы себепті жауынгер ажырасуға өтініш беріпті.

Сот отырысы 2025 жылдың 25 ақпанында өткен. Бірақ ажырасу туралы шешім ресми түрде 25 наурызда ғана күшіне енген. 9 наурызда Варяг қаза тапты. Осылайша, Ангелина заң бойынша әлі оның әйелі болып есептеледі. Сондықтан ол барлық тиесілі төлемдерді алуға құқылы болған. Кейін ол жауынгердің мүлкінің бір бөлігін сатып, көңілдесімен шетелге кеткен.

Махаббат саудасы

Анастасия Кашеварова Ресей жауынгерінің әйелі қылығын қатты айыптады.  

«Бұл – біздің жауынгер досымыздың қайғылы тарихы. Бұл жағдай барша сарбаздарымыз үшін сабақ болуы тиіс. Шынайы махаббат – ұлы рухтардың еншісі. Ал өзін сатқан әйелдің махаббатпен еш қатысы жоқ. Ондай әйел бәрін сата алады. Тәнін де, арын да, абыройын да, керек болса, Отанын да. Жігіттер, саудаланатын «махаббатқа» сенбеңдер!» – деді ол.

Волонтердің айтуынша, Варяг Курск облысын басып алу операциясына қатысқан. Ол «Поток» операциясы аясында газ құбырының ішімен өткен.  Суджа қаласының шетіне бекініп, Украина Қарулы күштерін ығыстыра бастапты. Варягтың взводындағы жауынгерлер 9 наурыз күні HIMARS америкалық реактивті жүйесінен атылған соққыдан қаза тауыпты.

Анасы сотқа жүгінді

Варягты жерлеуді оның достары, қарулас әріптестері мен анасы ұйымдастырған. Ал бұрынғы әйелі бұған қатыспаған. Қазір жауынгердің анасы бұрынғы келінін төлемдерден айыру үшін сотқа жүгінді. Анастасия Кашеварова бұл жөнінде былай дейді:

«Мәселе ақшада емес, бұл — біздің жауынгерлерді, отбасылық құндылықтарды, тіпті ақыл-ой мен әділеттілікті мазақ ету.»

Айта кететін жайт, соғысқа қатысушы жауынгерлер мен олардың жұбайлары махаббатқа байланысты қиындықтарға тап болып жатыр екен.

«Секс-агенттер»

7 сәуірде белсенді әйелдердің «Қара жесірлер» мен «Мальвинкалар» деген топтардан зардап шегіп жатқанын айтты. Бұл әйелдер майдан маңындағы өңірлерде тұрады. Қарсы тарапқа ақпарат беріп, жауынгерлерге әдейі тұрмысқа шығады. Олар өлген соң мемлекеттен төлемдер алады.

Кашеварованың айтуынша, кейде сарбаздардың әйелдері өздеріне тиесілі ақшаны ала алмай жатады. Себебі күйеулері майдан маңындағы басқа әйелдерге бар табысын жұмсап тастайды екен.  

«Әйелі демалыс сұраса, күйеуі оны алған болып шығады. Бірақ уақытын көңілдесімен өткізген», — дейді ол.

Сондай-ақ, ол кейбір командирлер сарбаздарға «тек некелі әйелдеріңе барасың» деп уәдесін алып қана, демалыс беретінін айтты. Өйткені, «кейбір жауынгерлер жыныстық жолмен берілетін ауру жұқтырып, «секс-агенттерінің» құрбанына айналып » жатқан көрінеді.

Мұның алдында Украинада тұтқынға түскен қазақтардың жағдайы туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз