Девальвация бола ма? Ұлттық банк басшысы жауап берді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дерек

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов девальвация бола ма деген сұраққа жауап берді. Әлемдік нарықтағы құбылмалылыққа байланысты ел ішінде теңге құнсыздануы мүмкін бе деген сұрақтар да жиілеген. Сүлейменов түсіндіруінше, «қазір дүрбелеңге негіз жоқ».

«Бізде қалыптасқан түсінік бойынша девальвация дегеніміз — бір күнде жиналған қысымның нәтижесінде валюта бағамының күрт өсуі, таңертең оянып, жаңа бағамды көру болса, инфляциялық таргеттеу және еркін өзгермелі айырбас бағамы жағдайында мұндай жағдай болуы мүмкін емес», – деп атап өтті Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасының сөзінше, теңге бағамына ішкі де, сыртқы факторлар әсер етеді. Яғни мұнай бағасының динамикасы, импорт пен экспорттың теңгерімі және сыртқы макроэкономикалық жағдайды айту керек. Бірақ реттеуші нарықта бағаның қалыптасуына араласпайды, тек бақылап отырады.

«Курсқа әсер ететін негізгі сыртқы фактор – бұл мұнай бағасы. Егер ұзақ мерзімде баға төмендейтін болса, бұл Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктеріне, төлем балансына және долларлық түсімге әсер етеді. Қазіргі таңда бізде дүрбелеңге немесе ажиотажға негіз жоқ. Экономикалық өсім мен мемлекеттік қаржы көрсеткіштері болжам аясында қалып отыр. Жағдай тұрақты деп есептейміз», – деді ол.

Сүлейменовтың айтуынша, «қазір әлемде қаржы және энергетика нарықтарында не болатынын сенімді айтып бере алатын бірде-бір экономист жоқ». Сондықтан болашақта нақты не болатынын кесіп айту мүмкін емес, белгісіздік тым көп.

Сондай-ақ оқыңыз