«Кропоткинская» мұнай айдау станциясы мамырдың соңына дейін іске қосылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мұнай станциясы қашан іске қосылады / Фото: shutterstock

«Кропоткинская» мұнай айдау станциясын осы жылы мамырдың соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.

Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) бас директоры Николай Горбань нысанға барып, ондағы жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты.

«Нысандарды аралағаннан кейін, станцияның мердігерлері мен жедел қызметкерлерімен жиын өтті. Онда жөндеу жұмыстарының ерекшеліктері, шетелдік жабдықтардың орнына отандық техниканы бейімдеу, қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі – барлық кіші нысандардың жұмысқа жарамдылығын қалпына келтіру үшін – нақтыланды», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Теңіз – Новороссийск мұнай құбыры жүйесі арқылы мұнай тасымалдау «Кропоткинская» станциясын айналып өтеді.

Еске сала кетейік, КҚК-ға тиесілі «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына 2025 жылдың 17 ақпанында жарылғыш заттар мен металл жарқыншағы бар бірнеше дрон шабуылдаған еді. Ресей Федерациясының Тергеу комитеті КҚК-ның азаматтық нысанына жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Консорциумның акционерінің бірі, «Транснефть» компаниясы, жөндеу жұмыстарына байланысты Қазақстаннан КҚК арқылы мұнай айдау көлемі шамамен 30%-ға азайғанын хабарлады. Шығынның орнын толтыруға шамамен екі ай уақыт қажет.

Қазақстанның Энергетика министрлігі КҚК тарапынан қазақстандық мұнайға шектеулер жоқ екенін, қабылдау белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ал Қазақстан дипломаттары бұл маршруттың ел экономикасы үшін маңыздылығын ескере отырып, Украинадағы әріптестерімен КҚК-ға жасалған шабуылды талқылайтындарын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз