Нарық құбылып тұрғанда инвесторлар алтын сатып алуға кеңес береді

АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда соғысынан кейін нарық құбылып тұрғанда, алтын ғана тұрақты болды. Жыл басынан бері алтын 20%-ға қымбаттады, қазір де рекордтық деңгейде саудаланып жатыр. Morgan Stanley сарапшылары алтынды шикізат тауарлары арасында «ең үздік таңдау» деп атады.
Мамандардың пікірінше, АҚШ экономикасында рецессия болса, қорғаныш активі ретінде бағалы металға сұраныс күрт өседі. Қазір әлем бойынша орталық банктердің оны сатып алуды жиілетті. «Бұл 2022 жылдың басынан бері алғаш рет бағалы металдың одан әрі қымбаттауына себеп болмақ»,- дейді Morgan Stanley-дің шикізат активтері бойынша стратегі Эми Гауэр.
Оның болжамынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанына қарай алтынның спот бағасы тағы 13,5%-ға өсіп, унциясы 3500 долларға жетуі мүмкін.
«Біз макроэкономикалық факторлардың алтын бағасына ықпал ете бастағанын қайтадан көріп отырмыз. Сонымен қатар бағалы металға физикалық тұрғыда да сұраныс тұрақты болып отыр», — деп жазылған сарапшының жазбасында.
Ал Deutsche Bank маманы Майкл Шу алтын мен акция бағасы бұрын бір бағытта қозғалғанымен, қазір екі түрлі боп өзгеріп кетуін «маңызды бетбұрыс» деп бағалайды. Deutsche Bank жақында алтын бағасы бойынша болжамын жаңартты. Осы жылдың төртінші тоқсанына қарай баға 2725 доллардан 3350 долларға дейін өседі, ал 2026 жылға арналған болжам 2900 доллардан 3700 долларға дейін көтеріледі деп отыр.
Алтын бағасы бойынша жағдай
Жыл басынан бері алтын шамамен 20%-ға қымбаттады, бұған АҚШ-тың сауда саясатындағы өзгерістер себеп болған. 10 сәуірде сауда барысында алтынның спот бағасы 3%-ға өсіп, унциясы 3175 долларға жетіп, жаңа тарихи рекорд орнатты. Reuters мәліметінше, инвесторлар доллардың құнсыздануы мен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының өршуіне байланысты алтынды қорғаныш активі ретінде жаппай сатып алып жатыр.
Бағалы металл бағасының өсіп жатқаны жайлы бұған дейін жазған едік. Дональд Трамп әлем елдерінің тауарларына баж салығын енгізген соң, оның бағасы күрт көтерілді. Алтынның бір унциясы Сингапурде 3 167,84 долларға дейін өскен. Күміс пен палладий аздап арзандаған, ал платина қымбаттаған.
Бағалы алтын құймасын сатып алу жайлы ойланып жүрген болсаңыз, мына материалға кеңес береміз.