Қытай АҚШ-тан келетін тауарларға салынатын баж салығын 125%-ға көтерді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қытай импорттық баж салығын көтерді / Фото: shutterstock

Қытай 12 сәуірден бастап АҚШ-тан келетін тауарларға арналған баж салығын 125%-ға дейін көтереді. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің тариф комитеті мәлімдеді.

Комитеттің хабарлауынша, 12 сәуірден бастап АҚШ тауарларына салынатын кедендік баж 84%-дан 125%-ға дейін өседі. Қазіргі тарифтік жағдай аясында АҚШ-тан Қытайға келетін тауарлар нарықта сұраныссыз қалып жатыр. Сондықтан Бейжің ары қарай Вашингтон тарапынан мүмкін болатын «кез келген жаңа тарифтік шараларға мән бермейтінін» атап өтті.

10 сәуірде АҚШ үкіметі Қытай өнімдеріне қатысты баж салығын 125%-ға дейін көтеретінін мәлімдеген. Қытайдың Тариф комитеті бұл әрекеттерді «халықаралық сауда-экономикалық ережелерді, негізгі экономикалық заңдылықтар мен қарапайым логиканы бұзатын, тек біржақты қорқыту мен мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер» деп сипаттады.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына баж салығын 125%-ға дейін көтергенін жариялады

«Қытайдың әлем нарығына құрметпен қарамайтынын ескере отырып, мен АҚШ-тың Қытайға арналған тарифтерін 125%-ға дейін көтеремін. Шешім бірден күшіне енеді», – деп мәлімдеген еді Ақ үй басшысы.

Америка Қытайға қарсы баж салығын көтергеннен кейін, Бейжің Дүниежүзілік сауда ұйымынан (ДСҰ) ресми түрде консультация сұрады. Егер 60 күн ішінде консультация нәтиже бермесе, мәселе дауларды шешу бойынша арнайы топтың қарауына жіберілуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз