Ұлттық банк баға өскенше, алтын сатуды тоқтата тұрады

19 ақпаннан бастап Ұлттық банк алтын-валюта резервтерінен алтын сатуды уақытша тоқтатты. Бұл туралы брифингте реттеуші ұйымның төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
«Біз алтынды бұрынғыдай көлемде сатып алып жатырмыз. Биыл [отандық фабрикалармен] 67 тонна алтын өндірілмек. Жыл басынан бері біз 8 тонна саттық. Осыны алып тастағанда қалған көлемнің бәрін сатып алып, сақтау қоймасында ұстаймыз. Қазір жинап жатырмыз», – деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, реттеуші қазір алтын сатуды уақытша тоқтатқан. Себебі инвестициялық банктер алтын тағы да қымбаттауы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Ұлттық банк 2011 жылдан бастап отандық өндірушілерден алтын сатып алады. Оның бір бөлігін сыртқы нарықтарға сатады, ал қалғанын алтын-валюта резервтерінде сақтайды. Қаңтардың ортасында реттеуші алтын экспортынан түскен долларды валюта нарығында сату туралы шешім қабылдады. Бұл шара ұлттық валютаны қолдауға және өндірушілерден алтын сатып алу кезінде айналымдағы теңге көлемін азайтуға бағытталған. Бұл механизмді Ұлттық банк «айна механизмі» деп атады.
Қазір Қазақстанның таза алтын-валюталық резервтері 45 млрд доллардан асты. Трамптың салық саясатынан кейін алтын бағасы күрт өсіп жатыр. Жыл басынан бері алтын 20%-ға қымбаттады, қазір де рекордтық деңгейде саудаланып жатыр.