Банк пен қаржы

Ұлттық банк басшысы мемлекеттік ипотекалық бағдарламаны пайдалануға кеңес берді

Фото: shutterstock

Қазіргі жағдайда ипотека алу тым қымбатқа шығады. Сондықтан коммерциялық банктерге қарағанда мемлекеттік бағдарламаны қолданған дұрыс. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осындай кеңес берді.

«Мөлшерлеме (базалық мөлшерлеме – ред.) жоғары болған жағдайда , ол шектеулі ақша-саясатына байланысты жоғары болуға мәжбүр. Сол жағдайда, ипотекалық мөлшерлеме де жоғарылайды. 20 не одан да көп. Мұндай жағдайда нарықтық ипотеканы да үлкен тәуекел деп есептеймін. Базалық мөлшерлеме төмендегенге дейін мемлекеттік даму институттарының ипотекалық бағдарламаларын үміт арту керек», – деп түсіндірді ол.

Сүлейменовтің сөзінше, 20%-бен 20 жылға жеке банктерден ипотека алу азаматтардың бюджетіне де үлкен салмақ салады. Ол кейін банктер үшін де мәселе болуы мүмкін

«15-20 жылға созылатын, 20 пайыздық нарықтық ипотека – тым үлкен көлемдегі ақшаны артығымен төлеу деген сөз. Меніңше, ол жеке бюджетке де зиянын тигізеді. Егер қандай-да бір банктер онымен белсенді айналысса, олардың да қаржылай тұрақтылығына әсер етеді», – дейді төраға.

Сондықтан мемлекеттік бағдарлама дұрыс деп есептейді.

«Қаржы нарығындағы, оның ішінде ипотека да бар, бәсекелестікті дамытуды қолдаймыз. Бірақ қазіргі мөлшерлемемен нарықтық ипотека – көтере алмайтын жүк. «Наурыз», «Отбасы банк» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану керек», – деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Ипотеканың қымбаттауы туралы мәселе Салық кодексін таныстырғаннан кейін айтыла бастады. Үкімет жаңа Салық кодексіне банк секторы мен ойын бизнесіне салынатын корпоративтік табыс салығын (КТС) 25%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Егер банктер үшін корпоративтік табыс салығы өссе, ипотека да қымбаттайтыны да анық.