
Мұнай бағасы тым құлдырап кеткен жағдай үшін үкімет Б жоспарын дайындап жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Астанада өткен брифингте айтты.
«Егер мұнай бағасы күрт түссе, экономикаға, мемлекеттік кірістерге, теңге бағамына әсер етеді. Ол сөзсіз. Бірақ оған біздің ықпалымыз жоқ. Оған тек қана дайындалуымыз керек. Дайындалып жатырмыз», – деп түсіндірді ол.
Сүлейменов айтуынша, ол үшін Ұлттық банк, ұлттық экономика және қаржы министрлігі өкілдері біріккен.
«Қазір осы жоспарды әзірлеп жатырмыз. Дәл қазір ғимаратта үкімет өкілдері отыр, ұлттық экономика және қаржы министрлігінің өкілдері отыр. Соны дайындап жатыр. Макрокономикалық аумағымыз өте жақсы, сондықтан бізге келді. Б жоспары дейміз бе, С жоспары дейміз бе, ортақ нәрсеге келеміз», – деді ол.
Бұған дейін де ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметтің мұнай бағасы 60-55 долларға дейін төмендеген жағдай үшін даму сценарийін дайындап жатқанын айтқан.
Оның сөзінше, Үкіметтің қандай шығынды қысқартатыны туралы жоспары бар.
«Бірінші кезекте министрлікке тиесілі ұйымдар, қызметкерлер саны қысқарады. Қызметкерлер санының көбеюіне мораторий жарияланады. Жаңа ғимараттар, құрылыстар және осы тәрізділер де бар. Әдеттегі стандартты процедуралар, қазір бұған қатысты жұмыс жүріп жатыр», -деді ол.