Ислам даму банкі елде төрт су қоймасын салуға көмектеседі

Қазақстанда төрт жаңа су қоймасының құрылысына Ислам даму банкі көмектесетін болды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ислам даму банкінің өкілдерімен болған кездесудегі белгілі болды.
Кездесу кезінде екі тарап «Климаттық тұрғыдан орнықты су ресурстарын дамыту» жобасын іске асырудағы бірлескен жұмысты талқылады. Жоба аясында:
- төрт жаңа су қоймасының құрылысы және төрт жұмыс істеп тұрған су қоймасын жаңғыртуға
- елдегі 115 арнаны қайта жөндеу және күрделі жөндеу өткізіп, Астана су қоймасын толықтыруға келісті
Бұл жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Астана қаласында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ жоба аясында Ислам даму банкі Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына еліміздің су және өзен бассейндерін зерттеу, ерте әрекет ету жүйелерін енгізуді бағалау, Су ресурстарының ақпараттық-талдамалық орталығына және «Қазсушар» кәсіпорнын техникалық жарақтандыруға арналған грант бөледі.
«Қазіргі уақытта барлық қажетті құжаттар әзірленіп, оларды басқа мемлекеттік органдармен келісу жұмыстары жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің есебінше, елімізде 4 мыңнан аса су қоймасы тіркелген. Бірақ олардың көбінің жағдайы нашар, кейбірі 30-50 жылдан аса пайдаланылып келеді, тозған. Нұржігітовтің сөзінше, қоймалар мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге, цифрландыру жұмыстарын жүргізуге шамамен 2-3 трлн теңге қажет.