Дженнифер Лопес концертіне жанталас: билет алғысы келетіндер орын санынан 2,5 есе көп болып шықты

Жарияланды 11 Сәуір 2025 14:27

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Алғашқы минуттарда 50 000-нан астам адам өздеріне және жақындарына билет сатып алуға ниет білдірген / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Астана Аренадағы» Дженнифер Лопестің концертіне билет алғысы келетіндердің саны стадиондағы орын санынан 2,5 есе көп болып шықты.  Бұл туралы Freedom Ticketon компаниясы хабарлады.

Билет сатылымы ашылған бойда бірден 50 000-нан астам адам өздеріне және жақындарына билет сатып алуға ниет білдірген. Бұл «Астана Арена» стадионының сыйымдылығынан көп.

Компания, сондай-ақ, билеттердің сатылуы басталғанға дейін ғаламтор желілерінде билеттерді сату туралы алаяқтық жарнамалар мен концертке қатысты жалған ақпараттар пайда болғанын атап өтті.

«Дженнифер Лопестің Астана қаласындағы концертіне билеттер тек https://ticketon.kz/ ғана сайтында сатылады. Сайтқа келушілердің саны көп болуына байланысты виртуалды кезек қолданылады, ол бір уақытта сайтқа кірген пайдаланушылар санын шектейді. Бұл шара сайттың қалыпты жұмысын сақтап қалуға көмектеседі. Қазіргі кезде күту уақыты туралы ақпарат сайтта көрсетілген. Компания көрермендерден осы жағдайды түсіністікпен қабылдауды сұрайды»,– делінген хабарламада.

Freedom Ticketon сонымен қатар, билеттердің жойылуы туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Барлық ақпарат тек ресми сайтта https://ticketon.kz/ жарияланады.

Айта кетейік, әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес биыл 1 тамызда Астанада концерт береді. Up All Night әлемдік туры аясындағы шоу «Астана Аренада» өтеді. Америкалық жұлдыздың әлемдік турында 17 қала көрсетілген. Ол 1 шілдеде Түркияның Анталья, Ыстанбұл қалаларында басталып, Астана мен Ереванда аяқталады. Бұған қоса, JLo Кадис, Малага, Мадрид, Барселона, Варшава, Будапешт және Бухарест қалаларында концерт өткізеді. 

Еске салайық, концертке билеттер 40 мыңнан басталып 150 мың теңгеге дейін барады.

Сондай-ақ KursivMedia Джей Лоның концерті кезінде әуе билеттері қаншадан сатылатынын қарап көрді.

Сондай-ақ оқыңыз