
Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне билеттер небәрі 4 сағат 30 минут ішінде толығымен сатылып кетті. Билет сатылымы 11:00-де басталып, 15:30-да аяқталды.
Тicketon.kz сайтының сатып алу бөлімінде барлық билеттің сатылып кеткенін аңғаруға болады.
«Аншлаг! Барлық билеттер сатылып кетті! Билеттерді қайтару 30 маусымға дейін ғана болуы мүмкін. 1 шілдеден бастап қайтару қабылданбайды.», – делінген қысқа хабарландыруда.
Айта кетейік, мұның алдында «Астана Аренадағы» Дженнифер Лопестің концертіне билет алғысы келетіндердің саны стадиондағы орын санынан 2,5 есе көп болып шыққаны туралы жазған едік. Билет сатылымы ашылған бойда, алғашқы минуттардың өзінде бірден 50 000-нан астам адам өздеріне және жақындарына сатып алуға ниет білдірген. Бұл «Астана Арена» стадионының сыйымдылығынан көп.
Еске салсақ, әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес биыл 1 тамызда Астанада концерт береді. Up All Night әлемдік туры аясындағы шоу «Астана Аренада» өтеді. Америкалық жұлдыздың әлемдік турында 17 қала көрсетілген. Ол 1 шілдеде Түркияның Анталья, Ыстанбұл қалаларында басталып, Астана мен Ереванда аяқталады. Бұған қоса, JLo Кадис, Малага, Мадрид, Барселона, Варшава, Будапешт және Бухарест қалаларында концерт өткізеді.
Еске салайық, концертке билеттер 40 мыңнан басталып 150 мың теңгеге дейін барады.