Қазақстан мектептеріне 1097 педагог жетпейді. Қай пән мұғалімдеріне сұраныс жоғары

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қай пән мұғалімдеріне сұраныс жоғары / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазіргі уақытта елдегі мектептерге 1097 педагог жетіспейді. Әсіресе, математика, ағылшын тілі, физика, химия және бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Оқу-ағарту министрлігі мұғалім тапшылығы мәселесін қалай шешіп жатқанын түсіндірді. 

Министрліктің мәліметінше, бүгінде 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымдарында 400 мыңнан аса педагог қызмет етеді.   

«Білім беру саласындағы кадрлық ахуал тұрақты, бос жұмыс орындарының пайда болуы – жүйелі әрі табиғи үдеріс. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарында 1097 бос жұмыс орны тіркелген. Алайда бұл көрсеткіш педагог тапшылығын білдірмейді. Жаңа мектептердің ашылуы, мұғалімдердің зейнеткерлікке шығуы, қызмет ауыстыруы, декреттік демалысқа кетуі немесе шетелде білім алуы сияқты себептерге байланысты жаңа вакансиялар қалыптасуда»,– деп түсіндірді министрлік.

Ведомство мектептерге көбіне жас мамандарды тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын мәлімдеп отыр. Ол үшін бірқатар нақты қадамдар жасалған. Соның бірі жалақының екі есеге өсуі.

«2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы екі есеге артты. Педагогикалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны жыл сайын ұлғаюда (2024 жылы – 15 973). Педагогикалық бағытта оқитын студенттердің стипендиясы 75 мың теңгеге дейін көтерілді», делінген  министрліктің Kursiv.Media-ға берген жауабында.  

Жалақы мөлшері

Осыған дейін министрлік ауылдағы педагогтердің жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда кемінде 25%-ға жоғары екенін мәлімдеген еді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда педагогтердің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз