
Tesla компаниясы Cybertruck электрлі пикап нұсқасын таныстырды. Бұл туралы компания X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.
Cybertruck электрлі пикаптың жаңа нұсқасының сатылымы да басталып кетті. Компанияның мәліметінше, АҚШ-тағы бастапқы бағасы 69 990 долларды құрайды. Алайда федералдық салық жеңілдігін (7 500 доллар) ескергенде, көліктің құны 62 490 долларға дейін төмендейді.
Қазіргі таңда All-Wheel Drive нұсқасы 79 990 доллар, ал Cyberbeast моделі 99 990 доллар тұрады.
Жаңа модельдің тұсаукесері 10 сәуірде өтті. Қазіргі уақытта Tesla-ның АҚШ нарығында ұсынған үш нұсқасының ішіндегі ең арзан және қолжетімдісі осы көлік түрі болып отыр. Сонымен қатар бұл модельде жүріс қоры күшейтілген. Алайда нақты техникалық сипаттамалары әзірге жарияланған жоқ.
Тек белгілісі, стандартты жабдықтағы жүргізушіге ыңғайлы жүйелер, үлкен орталық экраны бар минималистік интерьер және тот баспайтын болаттан жасалған берік құрылымымен ерекшеленеді.
Айта кетейік, Tesla компаниясы Техастағы зауытында өндіріс көлемін арттыруды жалғастырып жатыр. Жаңа модель қазірдің өзінде тапсырыс беруге қолжетімді.
Өткен жылы америкалық электромобиль өндіруші Tesla компаниясы екі орындық Cybercab таксиі мен көп орындық Robovan көлігін таныстырған болатын. Cybercab – рульсіз және педальсіз, шағын әрі жайлы бөлмеге ұқсайтын көлік. Масктің сөзіне қарағанда, бұл көліктердің қауіпсіздігі адам жүргізетін машиналарға қарағанда 10 есе жоғары болмақ.