Астана мен Алматыдағы ең қымбат топ-25 жекеменшік мектеп

Қазақстанда бүгінгі күні 8 мыңға тарта білім беру ұйымдары бар, оның 800-ден астамы жекеменшік мектептер. Жекеменшік мектептер – бұл тек білім беру мекемелері ғана емес, сондай-ақ кәсіпкерлердің миллиардтаған табысының қайнар көзі. Ата-аналардың баласының болшағы мен сапалы білімі үшін аянбай қаржылық инвестиция құюының арқасында, мұндай мектептер элиталық білім ордасы болып қана қоймай, қаржылық қуаты зор ойыншыға айналды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда небәрі 25–30 жекеменшік мектеп жұмыс істеп келсе, қазір олардың саны 800-ден асқан. Жеке мектептердің көбеюі орын тапшылығы мәселесін шешуге айтарлықтай оң әсерін тигізуде.
Forbes Kazakhstan ұсынған мәліметке сүйенсек, Алматы мен Астанада бас-аяғы 204 жекеменшік мектеп бар. Өткен жылмен салыстырғанда бұл екі қалада жеке мектептердің саны 25-ке артқан.
Сонымен мегополистердегі ең қымбат, әрі жылдық табысы жоғары жекеменшік мектептер қандай? Ретімен тізіп шықсақ.
Forbes Kazakhstan әзірлеген рейтингке сенсек, биыл көшбасында Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» мектебі тұр. 749 бала блім алатын мектептің жылдық табысы 9,51 млрд теңгені құрайды. Ай сайынғы оқу ақысы орташа есеппен 1 млн 400 мың теңгеден басталады. Білім ордасының құрылтайшылары қатарында Марғұлан Сейсембаев, Сержан Жұмаш, Нұржан Суханбердин, Айдан Кәрібжанов, Альфия Асқар және Болат Өтемұратов қоры бар.
Екінші орында Алматыдағы «Tamos Education физика-математика мектебі» білім беру мекемесі. Бұл мектептің табысы 7,63 млрд теңге. Мұнда 2284 оқушы оқиды. Ай сайынғы оқу құны 300 мың теңгеден басталады. Құрылтайшылары қатарында тағы да олигарх Марғұлан Сейсембайдың аты аталады.
Табыс көзі жоғары алғашқы үштікті Астанадағы «Haileybury Astana» мектебі түйіндеп тұр. Бұл мектептің де табысы жаман емес. Білім ордасы 7,63 млрд теңге пайдаға кенелген. Ай сайынғы оқу құны Алматыдағы бөлімшесінен сәл қымбатырақ, орташа есеппен 1 млн 450 мың теңгеден басталады.
Төртінші орында Алматыда орналасқан QSI халықаралық мектебі. Мұнда негізінен шетелдік компаниялар мен дипломаттардың балалары білім алады. QSI мектеп желісінің әлемнің 31 елінде 37 филиалы бар. Оқу ордасының кірісі 6,44 млрд теңгені құраған. Ай сайынғы оқу ақысы 1 млн 400 мың теңгеден басталады.
Үздік бестік тізіміне Kazakhstan International School халықаралық мектебі (Алматы) кіріп отыр. Мектептің негізін 1999 жылы Gateway Ventures компаниясының бас директоры Даниэль Гунасилан қалаған. Мектептің таза пайдасы 5,73 млрд теңге.

Сонымен қатар бірнеше жыл қатарынан үздіктер қатарынан «Жаңа Ұрпақ Мектебі NGS», Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп, алматылық «Мирас», сондай-ақ NURORDA лицей-мектебі, Kazakhstan International School және Spectrum мектептері көрініп келеді. Олардың жыл сайын әлеуеті нығая түсуде. Бұл жолы рейтингке тек бір жаңа оқу орны – 2018 жылы құрылған қазақстандық жекеменшік «Зердеш» мектебі қосылды.