Ғарыш құрылғылары қалай жасалады – фото

Жарияланды 12 Сәуір 2025 10:15

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Compact Antenna Test Range
5 жыл бойы жасақталған Compact Antenna Test Range аймағы/фото kursiv.media

12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні. 1961 жылы дәл осы күні адамзаттың ғарышқа алғашқы сапары жасалған. «Восток» кемесімен ғарышкер Юрий Гагарин ұшқан. Осы мерекеге орай KursivMedia тілшісі Астанадағы «Қазақстан ғарыш сапары» ҰҚ» АҚ ғимаратына барып, ғарышқа арналған техниканың қалай жасалатынын көріп қайтты.

«Қазақстан ғарыш сапары»/фото kursiv.media
«Қазақстан ғарыш сапары»/фото kursiv.media

Астананың Нұра ауданында зымыран-ғарыш техникасының ашық экспозициясы алыстан көрінеді. Дәл сол маңдағы ғимаратта ғарыш техникасы жобаланып, әрі қарай сынақтан өтеді.

Орталықтың жобалау бөлімі/фото kursiv.media
Орталықтың жобалау бөлімі/фото kursiv.media

«Қарапайым тілмен айтсақ, қазір спутниктің миын жобалау жұмысымен айналысып жатырмын. Жобалау жұмыстарын бір жыл бұрын бастадым. Қазір соңғы кезеңіне келдік. Оның қызметі – қосалқы жүйелерді басқару, деректерді өңдеу. Аяқталған соң тестілеу, тексеру болады. Алдымен жұмысты өндіріске жібереміз. Содан кейін тексереміз», – дейді инженер Әлихан Қаппар.

Ghalam компаниясының директоры Бауыржан Алматовтың айтуынша, Қазақстанда алғаш рет төрт ғарыш аппараты жасалып жатыр.

«Ғарыш аппаратының кей дайын бөлігі сатып алынады. Ал бортты басқару кешені (спутниктің миы), энергиямен қамтамасыз ету жүйесі, жобалау, механикалық құрылымының бәрін осы жердегі инженерлер жасап шығарады. Яғни, жобалау, өндіру, сынақтан өткізу жұмысының бәрі осы жерде атқарылады», – дейді Ghalam компаниясының директоры Бауыржан Алматов.

Ghalam компаниясының директоры Бауыржан Алматов
Ghalam компаниясының директоры Бауыржан Алматов/фото kursiv.media

Ал жобалаудан өткен ғарыш аппараты өндіріс учаскесінде жасалады. Бұл бөлім металл өңдеу цехі деп аталады. Білдектерде кез келген металды қолданып жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

Металл өңдеу цехі/фото kursiv.media
Металл өңдеу цехі/фото kursiv.media
Металл өңдеу цехі/фото kursiv.media
Металл өңдеу цехі/фото kursiv.media
Ғарыш аппаратының бір бөлшегі/фото kursiv.media
Ғарыш аппаратының бір бөлшегі/фото kursiv.media

Орталықтағы механикалық сынақ учаскесінде ғарыш аппараты сынақтан өткізіледі. Мамандар процесті бақылап отырады.

Механикалық сынақ учаскесінде ғарыш аппараты сынақтан өткізіледі/фото kursiv.media

Бұл жерде салмағы 100 келіден 6 тоннаға дейінгі ғарыш аппараты сынақтан өткізіледі. Қазір Ghalam компаниясы 4 ғарыш аппаратын жасап жатыр.

Құрастыру-сынау кешені/фото kursiv.media
Құрастыру-сынау кешені/фото kursiv.media

Орталықтың бас инженері Алмас Келгенбаев ғарыш аппараты сынақтан өтетін Compact Antenna Test Range аймағын 5 жыл бойы жасақтаған.

«Мұны салуға өте көп уақыт кетті, себебі дәлдік өте жоғары рөл атқарады. Бетонның астына мыс жайылды, үстіне еден құйылды. Содан кейін қабырғаға темір жүргізілді. Бұл жерден толқын сыртқа шықпауы керек, дәл солай іштен толқын кірмеуі қажет. Оның да арнайы стандарты бар. Толқынды өзіне жұтатын абсорбер (көк түсті) бар. Ғимараттың жартысына дейін абсорбер орнатылған соң ішіне 100 тонналық крандар кіргізілді. Себебі қабырғаға ілінген бір техниканың салмағы – 50 тонна, екіншісі – 35 тонна. Бұл аймақ ішіне камера орнатылған. Мамандар сырттан бақылап отырады», – дейді Алмас Келгенбаев.

Алмас Келгенбаев Ghalam компаниясының бас инженері/фото kursiv.media
Алмас Келгенбаев Ghalam компаниясының бас инженері/фото kursiv.media

Мұнда күн сәулесінің имитациясын жүргізу барысында ғарыш аппараты 36 мың шақырым жүріп өткендей болады. Ішінде құрылғыны 6 түрлі сынақтан өткізу мүмкіндігі бар.

Ғарыш құрылғысын сынақтан өткізу аймағы/фото kursiv.media
Ғарыш құрылғысын сынақтан өткізу аймағы/фото kursiv.media

Ghalam компаниясының құрылғанына 15 жыл болған. Мұнда қазір 90 инженер жұмыс істеп жатыр. Қорыта айтқанда, компания ғимаратында ғарыш аппаратын жасау үшін ең алдымен компьютер арқылы ненің қай жерде тұруы қажет екені есептеледі және жобасы жасалады. Соның негізінде мамандар құрылғыны өңдейді, дайындайды. Келесі кезең – ғарыш жағдайында қалай жұмыс істейтінін тексеру. Сынақ барысында құрылғы ғарыштағы температураға шыдай ма, жоқ па деген сұраққа жауап беру үшін тексеруден өтеді. Кей жағдайда металл түрі ауыстырылады. Келесі кезең – күн сәулесінің иммитациясы.

Ghalam компаниясы 3D принтер арқылы жасалған имплант. Қазірге дейін имплант үш адамға қойылған/фото kursiv.media
Ghalam компаниясы 3D принтер арқылы жасалған импланттар да жасайды. Қазірге дейін мұндай имплант үш адамға қойылған/фото kursiv.media

Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовтің айтуынша, салада кадрға деген сұраныс бар.

«Бізде мамандарды ғарыш техникасына дайындайтын 5 жоғары оқу орны бар. Радиотехника, геодезия секілді мамандықтарды тәмамдап келетіндер де бар. Яғни, спутникт байланысы саласында істейді. Одан бөлек Байқоңырда Мәскеу авиациялық институтының (Moscow Aviation Institute) зымыран техникасын пайдалану бойынша маман даярлайтын филиалы бар. Алайда кадр тапшылығы бар. Біздің мамандар жоғары оқу орындары өкілдерімен кездесіп жатыр. Осы салада білім алып жатқан магистранттар конкурссыз осында жұмысқа келе алады. Бәрін бізбен бірге жұмыс істеуге шақырамыз», – деді Баубек Оралмағамбетов.

Сондай-ақ оқыңыз