АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі: Вашингтон ескерту жасады

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресі жаңа деңгейге көтерілді. Ақ үйдің ресми өкілі Каролин Левитттің айтуынша, Қытай тарапы қарсы шараларды жалғастырса, оныі Пекин үшін салдары ауыр болмақ.
«Егер Қытай жауап беруді жалғастырса, бұл Қытайдың өзіне тиімсіз болады. АҚШ – әлемдегі ең қуатты және ең мықты экономика. Бұған дәлел ретінде – 75-тен астам ел бірден біздің әкімшілікке хабарласып, сауда келісімін жасауға ниет білдірді. Президент (Дональд Трамп) халықтың мүддесін қорғайтын шешім қабылдап жатыр», – деді Левитт Ақ үйдегі брифингте.
Оның сөзінше, Қытайға қатысты баж салығы 145% деңгейінде сақталмақ. Ал басқа елдермен АҚШ алдағы 90 күн ішінде салық енгізуге үзіліс жасап, өзара тиімді келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.
«Президент жасап жатқан әрекеттер – ондаған жыл бойы демократтар мен республикашылар айтып келген, бірақ жүзеге аспаған бастамалар. Қазірдің өзінде 15-тен астам ұсыныс келіссөз үстелінде жатыр, ал соңғы күндері 75 елден әріптестікке қатысты нақты ұсыныстар түсті», – деп толықтырды Левитт.
Бұл арада Қытай да қарап қалмай, қарсы қадамдарға барды. 12 сәуірден бастап Қытай Мемлекеттік кеңесінің Тариф комитеті АҚШ тауарларына қатысты кеден баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін көтеретінін жариялады. Бұл АҚШ-тың протекционистік саясатына жауап ретінде қабылданып отыр.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин де өз кезегінде Еуроодақты АҚШ-тың сауда саясатына қарсы бірлесіп әрекет етуге шақырды.
Қазір АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Екі тарап та шегінуге ниетті емес, және әрқайсысы жаңа тарифтер арқылы бір-біріне қысым жасап жатыр.