Астанадағы құрылысы 14 жылға созылған LRT биыл күзде сынақ режимінде іске қосылады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астанадағы құрылысы 10 жылға созылған LRT биыл күзде сынақ режимінде іске қосылады. Бұл кезде жеңіл рельсті пойыздар алдымен жолаушысыз жолға шығады. Сынақ мерзімі 6 айға созылады. Бұл туралы нысанды салып жатқан «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді.

Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс барысымен танысқан.

«25 қазанда LRT-ны тестілік режимде іске қосу, яғни жолаушысыз пойыздарды сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Астанадағы жеңіл рельсті көлік жобасы озық GoA4 стандартына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, бұл 6 айлық сынақ мерзімін талап етеді», – делінген үкімет хабарламасында.

2024 жылы эстакада, аспалы көпір және барлық стансаның темірбетон конструкцияларының құрылысы аяқталған. Жоба үшін Астанада шпалдар өндірісі іске қосылды.

«Оларды дайындау үшін Б-55 маркалы бетон қолданылады, арматураның алдын-ала кернеу технологиясы қолданылады, бұл тасымалдау кезінде құрылымдардың жарылып кетуіне жол бермейді және аязға төзімділігін арттырады. Бүгінде 35 мыңнан астам шпал дайындалды, жобаға барлығы 87,6 мың бірлік шпал қажет», – делінген хабарламада.

Қазіргі кезде 2 шақырым жерге рельс төселген. Сондай-ақ оптикалық талшықта жұмыс аяқталды.

Астана қаласының бас жоспарына сәйкес, 2035 жылға қарай қала халқының саны 2,5 миллион адамға жетеді деп болжанған. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек жеңіл рельсті көлік 2026 жылдың басында толық қосылатынын айтқан.

Жеңіл рельсті желінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды, 18 станса қарастырылған. 652 жолаушыға арналған 19 пойыз іске қосылады. Қозғалыс аралығы – 4-5 минут, бастапқыда тәулігіне 25 мың адам тасымалданса, кейін бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін жетпек. Төлем жүйесі көлік картасы немесе QR-код арқылы жасалады.

Сондай-ақ оқыңыз