Голан жотасына жіберілген бітімгерлердің бір бөлігі Қазақстанға оралды

Голан жоталарына жіберлген бітімгерлердің алғашқы легі елге орады. Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қазақстандық бітімгерлерді ротациялау рәсімін өткізген. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Миссияны сәтті аяқтаған алғашқы құрам – подполковник Жігер Аиповтың басқаруындағы 139 әскери қызметші бейсенбі күні Астанаға оралды. Олар Голан жоталарында бірнеше ай бойы БҰҰ аясында бейбітшілікті сақтау міндетін атқарған.
Қазақстанның бітімгерлері Голан жоталарында қызметін жалғастырып жатыр. Бейбітшілік миссиясын жалғастыру мақсатында сол күні аталған аймаққа екінші рота жіберіліп, бірінші құрамдағы әскери қызметшілерді ресми түрде алмастырды.
Жаңа құрам қазіргі уақытта орналасып, қызметке кірісуге дайындық жүргізіп жатыр. Рота штабы миссия аясындағы міндеттерді нақтылап, қызметті қабылдайды.
Контингент командирі подполковник Жәнібек Нұрлановтың айтуынша, әскери қызметшілер алдымен теориялық дайындықтан өтеді, кейін практикалық жаттығулар басталады.
«Миссияға дайындық кезінде алынған кәсіби дағдылар біздің әскери қызметшілерге қойылған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті 2024 жылдың наурызында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген.
Голан жотасына бітімгерлер не үшін барды
Голан үстірті – Сирия мен Израиль шекарасында орналасқан даулы аймақ. Халықаралық ұйымдар бұл аумақ Сирияның бөлігі деп таниды. Дегенмен Сирия Голан жоталарының тек шығыс бөлігін бақылауда ұстап отыр.
Басқа бөлігі Израиль қарамағында. 1981 жылы Израиль оның көп бөлігіне аннекция жасап алған. Осман империясы кезінде Палестина аумағы болған. Кейіннен британдық және француздық жер бөлісі кезінде Франция аумағына кіріп, Сирияның бір бөлігіне айналған.