Kcell компаниясының 2024 жылғы таза пайдасы үш есе қысқарған

Kcell байланыс операторының таза пайдасы 2024 жылы үш есе азайып кеткен. 2023 жылы 32,9 млрд теңге таза пайдамен салыстырғанда, былтырғы көрсеткіш 10,2 млрд теңгені құрады. Бұл туралы компанияның 2024 жылға арналған аудиттелген қаржылық есебінде жазылған.
Кіріс артты, бірақ шығындар одан да тез өсті
Жалпы кіріс өткен жылмен салыстырғанда 5,2%-ға өсіп, 235,2 млрд теңгені құрады. Алайда өнімнің өзіндік құны 17,8%-ға артып, 183,7 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде жалпы пайда 19,4%-ға азайып, 57,6 млрд теңге деңгейінде қалыптасты.
Операциялық және қаржылық қысым күшейді
Kcell-дің операциялық пайдасы 34,3 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 32,7%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштің құлдырауына әкімшілік және басқа да жалпы шығындардың өсуі әсер еткен.
Сонымен қатар қаржылық шығындар да күрт артты — 72%-ға өсіп, 22 млрд теңгені құрады. Оператордың қарыздары мен облигацияларына қызмет көрсетуге кететін шығындары 15,4 млрд теңгеге дейін өскен (бұл 2023 жылмен салыстырғанда 57,7%-ға көп).
Қызмет түрлері бойынша табыс
Компания дауыстық байланыс және деректерді беру қызметтерінен 182,4 млрд теңге табыс тапты – бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,8%-ға көп.
Смартфондар мен жабдықтар сатылымынан түскен кіріс 9,4%-ға артып, 36,6 млрд теңгеге жетті. Қосымша қызметтер түскен табыс екі есеге өсіп, 9,8 млрд теңгені құрады
Меншік иелері және құрылым
2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша компанияның 51% акциясы – «Қазақтелеком» АҚ-ға, 14,87% – KC Holding Ltd компаниясына тиесілі. Қалған үлестер First Heartland Jusan Bank (9,08%), БЖЗҰ (7,1%) және басқа миноритарлы акционерлер арасында бөлінген.