Тимур Турлов Freedom QJ League идеясы қайдан туындағанын айтты

Жарияланды 12 Сәуір 2025 14:36

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Freedom QJ League идеясы қайтан туындады Фото: Freedom

Freedom Holding Corp. бас директоры және Freedom QJ League Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов Sport Pulse YouTube арнасына берген сұхбатында неге дәл жастар футболын дамытуға бел буғанын және бұл жобаның басты миссиясы қандай екенін кеңінен әңгімеледі.

Турловтың айтуынша, Лига идеясын құруға 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі жолдауы түрткі болған.

«Президент елге үндеу тастап: «Егер тұрақты әрі ауқатты мемлекетте өмір сүргіміз келсе, бәріміз бірігіп әрекет етуіміз керек. Сонда ғана бизнес те бағалы болады» деді. Ол жерде мен мынадай ойды естідім: «әркімнің ертеңі болуы үшін қазір әрекет ету керек»», – деді ол.

Тимур Турлов елде жастар көп екенін, олардың әділ қоғам құруға деген сұранысы жоғары екенін айтты. Мемлекет бұрын-соңды жасамаған бастамаларға барып жатқанын мысал етті.

«Қаңтарда жағдай бақылаудан шыққанда не болатынын көзбен көрдік. Сол кезде мен өз үлесімді қосуым керегін түсіндім. Адамдарға болашақ бар екенін, мүмкіндік бар екенін көрсеткім келді(, – деп бөлісті ол.

Фото: Freedom

Осы ойдан кейін Турлов командасымен бірге Қазақстанда жастар футболына арналған жарқын әрі өршіл жобаны қолға алу қажеттігін ұғынған. Сол кезде ол неміс маманы, футбол функционері Рохус Шохпен танысып, кейін ол Freedom QJ League президенті атанған.

«Бастапқы кезде тәжірибе болмады, бірақ біз жобаның әлеуетіне сендік. Бірден келіскен қағидамыз – жыл қорытындысымен нақты нәтиже көрсетілсе ғана бюджет ұлғаяды», – деді Турлов.

Жобаға негізінен жас қазақстандық мамандар тартылған. Бұл да өз алдына бір қиындық болған. Турлов мұны еліміздегі спорт саласындағы мамандар тапшылығымен байланыстырды. Бірақ ол бұл – мүлде маман жоқ деген сөз емес екенін айтты.

«Бізде мықты мамандар бар. Бірақ олар бір деңгейге жеткен соң, табысы жоғары басқа салаларға кетіп қалып жатады. Сондықтан басты мәселе – кадрларды ұстап қалу. Жоба табысты бола ма, болмай ма – бұл ең үздік мамандармен жұмыс істей аламыз ба, соған байланысты», – деді ол.

Кәсіпкердің арманы – бір күні қазақстандықтарды әлем чемпионаттары сияқты ірі футбол турнирлерінде қолдап, ел атынан өнер көрсеткен жастарға жанкүйер болу. Және де ол скептиктерге жергілікті футболда да үлкен, өршіл жоба жасауға болатынын дәлелдеуді мақсат етіп отыр.

«Бұл мен үшін жай имидж емес. Бұл – өзімді сынау. Осы арқылы өз еліңде бірнәрсе өзгертіп кетуге бола ма, жоқ па – соны тексергім келеді. Бұл – нағыз шабыт беретін мақсат», – деді Тимур Турлов.

Айта кетейік, Freedom QJ League-тің үшінші маусымы 19 сәуір күні басталады. Бұған дейін Туризм және спорт министрі Freedom QJ League жұмысына баға берген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз