
Электромобильдерге сұраныстың күрт өсуі мен жаһандық нарықтағы қызу бәсекелестік аясында Үндістан стратегиялық шешім қабылдады. Ел үкіметі әлемдік электромобиль нарығындағы Tesla-ның басты бәсекелестерінің бірі – қытайлық BYD компаниясына елде жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтінін анық білдірді. Бұл шешім Қытай бизнесіне ғана емес, бүкіл автоөнеркәсіпке де белгі болды. Үндістан отандық өндірісті және сенімді серіктестермен ынтымақтастықты қолдауға ниетті екенін байқатты.
Неліктен BYD Үндістан стратегиясына сәйкес келмей қалды?
BYD (Build Your Dreams) компаниясы Үндістан нарығын белсенді түрде бағындыруға тырысты. Ол жергілікті Megha Engineering and Infrastructures компаниясымен бірлесіп электромобиль шығаратын зауыт салуды ұсынды. Жобаның құны 1 млрд долларға бағаланған. Алайда Үндістан билігі бұл ұсынысты ұлттық қауіпсіздік және стратегиялық маңызды салалардағы Қытай ықпалына қатысты алаңдаушылыққа байланысты қабылдамады.
2020 жылы Ладакхтағы шекаралық қақтығыстан кейін Үндістан Қытайдан келетін инвестицияларға, әсіресе технология және инфрақұрылым салаларында, қатаң бақылау орнатқан еді.
Tesla үшін жаңа мүмкіндік
BYD-мен ынтымақтастықтан бас тартқан тұста Үндістанда Tesla үшін жаңа мүмкіндік туып отыр. 2025 жылдың наурызында Үндістан электромобильдер импортына арналған жаңа ынталандыру саясатын жариялады: елде кемінде 500 млн доллар инвестиция салуға дайын компанияларға 70%-дан 15%-ға дейін төмендетілген баж салығы ұсынылады.
Tesla Үндістан үкіметімен келіссөз жүргізіп келеді және бұл бағдарламаны пайдаланып, аталға елден өндіріс ашуы мүмкін. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, компания зауыт салатын орын іздеп, бірнеше штатпен келіссөз жүргізіп жатыр.
Геосаясат пен жасыл трансформация ұштасты
Үндістанның BYD-мен жұмыс істеуден бас тартуы геосаясат пен климат күн тәртібінің қаншалықты тығыз байланысқанын көрсетеді. Бір жағынан, ел мұнайға тәуелділікті азайтып, ірі қалалардағы экологиялық жағдайды жақсартқысы келеді. Екінші жағынан, «жасыл» бағытта даму үшін қауіпсіздік мәселелерін құрбан етуге дайын емес.
Қытайлық бренд Үндістандағы сәтсіздігіне қарамастан, жаһандық электромобиль жарысында маңызды ойыншы болып қала береді және Латын Америкасы, Африка мен Еуропа сияқты басқа нарықтарға экспорт көлемін арттыра береді. Ал Tesla үшін бұл жағдай – Оңтүстік Азия нарығына кіру жолында ашылған мүмкіндік.
Үндістан сенімді серіктестермен жұмыс істеуді жөн көреді және электромобильдер өндірісін ел ішінде дамытқысы келеді. BYD-ден бас тарту қытайлық технологиялардың енгізілуін баяулатуы мүмкін. Бірақ Tesla сияқты компанияларға жаңа мүмкіндіктер ашады. Электромобиль нарығы тек бизнес бәсекелестік емес, сонымен қатар саяси ықпал алаңына айналған заманда Үндістан прагматикалық әрі тәуелсіз шешім қабылдады.
Бұған дейін әлемдік нарықта Tesla компаниясының құнды қағаздары 10%-ға арзандағанын хабарлаған едік. Тіпті Дональд Трам аталған концерн акцияларын қолдау үшін бір автокөлік сатып алатынын мәлімдеді. Алайда ол да аталған компания акциялары бағасына қолдау бола алмады.