
Жібек жолы бойындағы Соғды тұрғындарының діннің тарауына, өркениеттің дамуына қалай әсер еткенін білесіз бе? Сән әлемінің падишасы саналатын италияндық арулар қашан биік өкшелі аяқ киім кие бастады? Италиялық аяқ киім шеберлерінің қандай сыры бар? Қаныш Сәтбаев кейінгі ұрпақ үшін қазба байлықты жасырып қалғаны рас па? Көктемнің алғашқы күндеріне оралып, пиксель суреттер әлемімен жақынынрақ танысуға қалай қарайсыз? Qalam-ның бұл жолғы мақалалары тіптен қызық. Kursiv Media арасындағы ең қызықтыларын бір тізімге жинады.
Жібек жолы бойындағы Соғды тұрғындары
Орталық Азиядағы Соғды тұрғындары көп ғасыр бойы Жібек жолы бойындағы мәдени, сауда және рухани алмасудың негізгі ойыншылары болып есептелді. Батыс пен Шығыс торабын жалғайтын маңызды дәнекер ретіндегі олардың тарихтағы орны зор. Олар саудагер, саяхатшы және аудармашы-тілмаш бола жүріп, бүкіл Еуразия даласына идеяларды, технологиялар мен дін ілімін таратып, аймақтағы бірегейліктің қалыптасуына ықпал еткен бай мұра қалдырып кетті.
Qalam Global-дың өткен аптада жариялаған материалдарының бірінде осы соғдылар туралы кеңінен айтылады. «Өркениеттер тоғысындағы Соғды», «Керуен жолдары және діннің етек жаюы», «Дін алуандығы және тілдердің ықпалы», «Орталық Азияда исламның таралуы», «Парсы тіліндегі трансформация» дейтін бірнеше бөлімнен тұратын көлемді мақала тарихи дерекке бай және мақалада көп оқу құралында кездесе бермейтін тың дерек көп.
Біріміз білсек, біріміз бұрын соңды естімеген соғдылардың бүгінгі өркениеттің қалыптасуына, діннің тарауына осынша әсер еткені туралы сан ғасырлық сауда мәдениетінің қалай қалыптасып, қалай дамығаны туралы оқу кім-кімге болса да қызық болады деп сенеміз.
Сәтбаевтың ғылыми және өмір майданы
Тұрақты оқырман Qalam Global-да жиі-жиі маңызды сұхбаттар жарияланып тұратынын жақсы біледі. Сонымен қатар сұхбат беруші ретінде де үнемі мықты мамандар таңдалатыны да белгілі. Өткен аптада порталда Санжар Керімбаймен өткен сұхбат жарияланды. 21 ғасырдағы танымал ағартушылардың бірі, зерттеуші Санжар Керімбай Qalam-ға берген сұхбатында Қаныш Сәтбаевтың Қазақ ғылым академиясын қалай құрғаны, оның түркі және Алтын Орда дәуірімен байланысы, Мұхтар Әуезов пен Кенесарының шөбересін аман алып қалғаны және ғалымның өзге де қыры туралы айтып берді.
Қаныш Сәтбаев кейінгі ұрпақ үшін қазба байлықты жасырып қалғаны рас па? Өзбекстанның гидрологиясын көтерген Кенесарының шөбересі кім? Ғылым академиясы қалай пайда болды? Осы және өзге де қызық сауалдардың жауабын біліп, қазақтың ұлы ғалымы жайлы жаңа мағлұмат алу үшін сұхбаттың толық нұсқасын оқып көріңіз.
Пиксельдегі көктем: Суретші Анелия Бекбасованың қазақ мәдениетіне деген жаңаша көзқарасы
Көктем – көпшілік үшін бір жаңа бастамалар уақыты, қыстан аман шыққанымызға қуанып, бойымызды қуаныш билеп, тәнімізге қуат біткендей қанаттана түсетін бір ғажап маусым. Ал қазақстандық суретші Анелия Бекбасова бұл күнді шыққан тегіңді, кімді жақсы көретініңді және қай жақыныңды шын көңілден құшағыңа алып, жақсы тілегіңді білдіруге болатынын бір сәт еске салатын ерекше кез деп таниды. Ол рас та. Әсіресе, Қазақстан тұрғындары үшін көктем – жыл басы, жақындарыңмен жолығып, құшақтасып, арқа-жарқа болысатын кезең. Көктемнің алғашқы мерекелері де осы бір ыстық ықыласқа негізделген достық, туыстық қарым-қатынасты нығайтуға орайластырылып қойылған. Айлап тойлайтын Көрісу мен Наурыздың қандай той десеңізші!
Дәл осы мереке суретшіні де иллюстрациялар топтамасын салуға шабыттандырыпты. Бұл суреттер кейін жылы сөзіңді арнауға немесе жақыныңды виртуалды құшақтауға себепші болатын қағаз және цифрлы стикерлер жинағына айналды. Qalam Анелиямен өнердің дәстүрді сақтауға қалай көмектесетіні, байырғы салт-жоралардың технологиялар дәуірінде не себепті айрықша маңызға ие болғаны жайлы сөйлесіп, оның кейінгі туындыларын оқырман назарына ұсынды.
Неліктен италия шеберлерінің туындылары аяқкиім тігу өнерінің шыңы?
Qalam порталында «Арнайы жобалар» деп аталатын бөлек баған бар. Батырманы басып қалсаңыз, түрлі қызық тақырыптағы материалдарға тап боласыз. Солардың бірінде италиялық аяқ киімдерге қатысты да талдау бар екен.
Әлемдегі аяқкиім тігу өнерінің шыңында италиялық шеберлердің туындылары тұруының сыры неде? Бұл қолөнер бағыты неден бастау алады? Италиядағы сұлулар қай заманда биік өкшелі аяқ киім кие бастады? Ал еуропалық аяқ киім шеберлері кімнен шабыт алған? Осы және өзге де сұрақтардың жауабы сайтта жасырулы екен.
Италиялық аяқкиімнің тарихы римдік сандалдардан бастау алады. Бұл — көне дәуірге деген құрметтің нышаны. Былғарыдан я ағаш қабығынан тігіліп, ұлтаны ағаштан не болмаса металдан жасалған, алтынмен я бағалы тастармен безендірілген римдік ежелгі аяқкиім үлгісі, көне мысырлықтар киген аяқкиімнен асып түсе алмады. Мәселен, сандалдар — Птолемей патшалығынан бері бар дүние. Бұл – италиялық аяқ киім әлемі жайлы деректердің басы ғана. Жалғасын өзіңіз оқып алыңыз.