
Әлемге әйгелі қазақ каскадері Жайдарбек Күнғожинов Қазақстан тарихында алғаш рет Оскар сыйлығын жеңіп алуға бар күшін салады. Америка киноакадемиясы 2027 жылдан бастап ең жоғары сыйлыққа лайықты каскадерді анықтайды.
Жайдарбек басқаратын NOMAD STUNTS тобы 2020 жылы Әлемдік каскадерлер академиясының Taurus World Stunt Awards сыйлығын жеңіп алған. Сол кезде АҚШ-тағы академия «Томирис» тарихи драмасындағы трюктерді үздік деп бағалған. Енді қазақстандық каскадерлер Оскар шыңын бағындырғысы келеді.
Голливудтан келген хат
Америка киноакадемиясының ең жоғары сыйлыққа жаңа номинация енгізгенін алғашқылардың бірі болып Жайдарбек Күнғожинов естіді. Себебі ол Голливудтағы Әлемдік каскадерлер қауымдастығының мүшесі.
«Кеше түнде поштама хат келді. Қуанышты жаңалықты ең бірінші болып біз естідік. Каскадерлердің бәрі қуаныштарын жасыра алмады. Канадан да көп хат алдым. Бәрі бір-бірін құттықтап жатты. Оның үстіне мен Голливудтағы топтың мүшесімін», – дейді қазақ каскадері Kursiv.Media тілшісіне.

Каскадерлер оскары саналатын әйгілі «Таурус» сыйлығының иегері Күнғожинов киноакадемияның Оскарға осындай санат енгізуге ықпал еткен аз адамның бірі.
«Өте керемет жаңалық. Себебі біз оскар комитетіне шығып, каскадерлерді сыйлықсыз қалдыру – әділетсіз екенін жылда жазып жүрдік. Ақыры біздің үнімізге құлақ асты«, – дейді каскадер.

Бәсеке жоғарылады
Күнғожинов еліміздің каскедерлерінің Оскар сыйлығын жеңіп алуға мүмкіндігі зор деп есептейді.
«Мүмкіндік бар. «Таурусты» бекер алған жоқпыз ғой. Әлемдегі көп адамның арасынан бізді үздік деп таныды. Оскар жеңіп алуға да зор мүмкіндік туды. Мақсат қойып, соған ұмтылу қажет. Мықты жобалар дайындап, продюсерлер мен режиссерлерді ең қиын трюктер жасауға, оны өзіміз түсіруге рұқсат беруге көндіру керек», – дейді Күнғожинов.
Қазақстандық каскадер бәсеке жоғарылай түскенін, енді тәуекелге бел буған басқа да мықты мамандар қол қусырып қарап жатпайтынын айтып отыр.
«Енді бүкіл әлемдегі каскадерлер Оскар алуға тырысып бағады. Сол себепті алдағы 3-4 жылда бізді өте жоғары бәсеке күтіп тұр», – деп пайымдайды Күнғожинов.

Оскар талаптары туралы
Америка киноакадемиясы әзірге каскадерлер номинациясы бойынша үміткерге қойылатын талаптарды жариялаған жоқ. Күнғожинов комитет ережелері алдағы жарты не бір жылдың көлемінде анықталады деп есептейді. Себебі ережелердің өзін каскадерлер қауымдастығы талқылауы керек.
«Каскадерге қойылатын талаптар көп. Трюк әдемі көрінеді екен деп қана бағалай салмайды. Трюкті орындау шеберлігі, таза немесе көмекші материалдармен орындау, трюк жиілігі мен қауіптілігі бағаланады. Осының бәрі есептеледі. Сосын құжаттар толтырып, трюктің әрбір секундын кесесің, комиссияға өткізесіз.
«Таурус» сыйлығына таласқан уақытта осылай болған. Ал енді Оскарға қандай талаптар қоятынын һкөре жатармыз – одан да күрделі болатын шығар», – дейді каскадерлер оскарының иегері.
Golden Empire және Оскар
Жайдарбек Күнғожинов – Франция әдебиет және өнер лигасының мүшесі. Лига биыл немесе 2026 жылы Еуропа каскадерлері үшін арнайы сыйлық тағайындауды көздеп отыр. Ал оның талаптары мен ережелерін қазақ каскадері дайындайды.
Ал қазір Күнғожинов басқаратын Nomad Stunts базасында халықаралық ірі жоба – Golden Empire немесе «Алтын Орда» деректі-драмалық сериалы түсіріліп жатыр. Режиссері – Netflix, National Geographic секілді халықаралық платформалармен жұмыс істеген Эмре Сахин. Алты сериалы жобаның да Оскар сыйлығынан дәмесі бар.
«Осындай жобалардағы каскадерлік шеберлік жұмыстарын Оскарға ұсынуға болар-болмасы әзірге белгісіз. Ережелері мен талаптары жариялаған соң мәлім болады. Алайда мен Оскар сыйлығын да жеңіп алуға бар күшімді жұмсаймын», – дейді Жайдарбек.
Күнғожиновтің басқаруындағы Nomad Stunts – әлемдік деңгейдегі жобаларда танылған кәсіби каскадерлер командасы. Олар Netflix-тің «Марко Поло», Disney-дің «Мулан», Apple Studios-тың «Наполеон» сынды алып жобаларға қатысқан. Әлем киноөндірісі қазақстандық каскадерлер шеберлігін мойындаған, жоғары бағалаған.