Балалардың үй шаруасына көмектескеніне ақы төлеу керек пе

Жарияланды
Баланың үй шаруасына көмектескені дұрыс па?/ коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Баласы бар үй тез шашылады. Өзі шашқан ойыншықты өзі ойнаса, ыдысын жуып, шаң сүртіп қойса кез келген ата-ана мәз болады. Кішкентайынан еңбекқорлыққа баулыған жақсы, әрине. Дегенмен сәл өсе келе балаңыз көмектескісі келмей, болмаса ақы сұрап шығуы мүмкін. Ондайда «ақысын жемеу керек» деген ой да жылт етеді. Ал төлесеңіз, кейін ақшақұмар болып кетуі мүмкін деп уайымдайсыз. Мұндайда қандай шешім қабылдау керек? Баланы қай кезде тәртіпке шақыру үшін жұмсап, қай кезде еңбегіне сай ақы беру қажет? Осы туралы айтайық.

Баланың үй шаруасына көмектескені дұрыс па?

Ақша туралы мәселені әлі талқыламай тұрып мына нәрсені анықтап алайық. Бала жалпы алғанда үй шаруасына не үшін араласуы керек?

  1. Бұл — өмірде керек болатын машық. Үй жинау, ыдыс жуу, кір жуу сияқты шаруалармен кез келген адам бетпе-бет келеді. Ол — күнделікті жасалатын тірлік. Сондықтан бала неғұрлым ерте жастан араласса, ол соғұрлым сенімді, тиянақты болып өседі.
  2. Жақсы әдет қалыптастырады. Үй шаруасы шабыт келгенде ғана айналысатын хобби емес. Бұл — күнделікті күйбең тіршілік. Сол себепті бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап үйренсе, ересек шақта сол үшін сізге рахмет айтады.
  3. Пайдасы тиіп жатқанына қуанады. Бала психологиясына үңілсек, олардың сәл көмек бергенінің өзіне мәз болатынын көреміз. Сол арқылы өзін керек сезінеді. Осылайша отбасындағы байланыс беки түседі, бала басқаларға қамқор болуға үйренеді.
  4. Келешекте керек болады. Өз тамағын өзі істеп іше алса, киімін үтіктей алса, ол оның өзіне керек. Өйткені бұл тірліктің бәрі тазайын адамның емес, жалпы кез келген адам айналыса алатын іске жатады.

Үй шаруасының бір келісім яки жаза емес, күнделікті күйбең тірліктің бөлігі екенін түсіндіруіңіз керек. Бала сол «додадан» тыс қалмасын.

Ақша мотивация бере ме, керісінше зиян ба?

  • Ақыл айта бергеннен ақшалай берген жақсы әрі өтімді.
  • Бала еңбектің наны тәтті екенін түсінеді.
  • Қаржылай сауатын ерте жастан қалыптастырады.

Төлеу керек деп айтатындардың уәжі мынадай:

Ақша беруге болмайды дейтіндердің ойы:

  • Үй — жұмыс емес, бәріне ортақ жоба іспеттес. Бала ақша беретін болғасын емес. ұялғанынан көмектесуі керек.
  • Ақша бере берсе, өскенде ақы бермесе саусағының ұшын қимылдатпайтын адамға айналып шыға келеді.
  • Шартсыз көмек дегенді білмейтін, қол көмекке жоқ адам болып кетеді.

Былай қарасаңыз, екі тараптың да ойы дұрыс сияқты. Мұндайда екеуінің алтын аралығын таба білген маңыздырақ. Яғни ата-ана істеуге міндетті шаруалар мен ақы төленетін өз еркімен жасайтын істер деп екіге бөліп алса болады.

Қай көмегіне ақы төлеуге болады? Қай шаруаны міндеттеу керек?

Міндеттері (ақы төлемейтін):

  • Киімін, ойыншықтарын жинау;
  • Өз ыдысын жуу;
  • Дастархан жаюға, жинауға көмектесу;
  • Қоқыс шығару;
  • Өз бөлмесінің шаңын сүрту, шаңсорғышпен тазалау.

Осы шаруаларды міндеттеп қоюға болады. Яғни бұл ортақ іске қосылатын үлес қана. Мұны қызмет деп қарамаймыз.

Қосымша шаруалар (қаласаңыз, ақысын төлесеңіз болады):

  • Жуынатын бөлме не асүйді бастан-аяқ жинап шығу;
  • Терезе сүрту;
  • Көшуге не маусымдық киімдерді реттестіруге көмектесу;
  • Ескі киім, кітап, ойыншықтарды реттестіру.

Мұндай шаруаларға әдеттегіден көбірек күш салу керек. Сондықтан азғантай ақы берсе болады.

Қанша төлеу керегін қалай анықтаймыз?

1. Ереже бекітіп алыңыз. Қай шаруалардың төленетінін, мөлшері қандай екенін анықтап алу қажет. Сонда балаңызбен арада түсінспеушілік болмайды. Айталық, терезе сүртіп шықса — 500 теңге, асүйді жинаса, 300 теңге дегендей.

2. Есеп жүргізуді ұмытпаңыз. Атқарылған істердің тізімін жасаңыз. Оған қойындәптер арнап қойса да болады. Болмаса, неше түрлі қолданба бар. Сонда тәртіп болады. Әрі бала да қанша ақша түсетінін біліп, алдын-ала есептеп отырады. Ақша айналымы жайлы түсінігі қалыптасады.

3. Ақша туралы әңгімелесу керек. Баланың қаржылай сауаты дегенде тек тиынсалғышқа ақша салумен шектелмеуі керек. Бала ақшаның қалай келетінін, қалай жұмсалатынын, жинаудың артықшылығын түсінсін. Оның бойына мақсат қойып, сол жолда ақша жинап, таңдау жасауды сіңіріңіз.

Ақшадан басқа не ұсынуға болады?

Егер ақша төлегіңіз келмесе, не мүмкіндігіңіз болмаса, баламасын ұсына аласыз.:

  • Бонус ретінде қосымша уақыт беріңіз: ойнауға, серуендеуге, киноға баруға уақыт берсе болады.
  • Ұпай жинайтын жүйе жасаңыз: әр жұмысына белгілі бір ұпай беріп отырыңыз да, соңында сол баллды қалаған затына айырбастап алса болады.
  • Қалауын жасауға мүмкіндік беріңіз: балаңыз демалысты қалай өткізетінін не кешкі асқа бүгін не ішетіндеріңізді өзі шешсін.
  • Бірге уақыт өткіземіз деп келісіңіз: кафеге апарыңыз, бір жаққа алып шығыңыз.

Бұл жерде ата-ана тарапынан шынайы алғыс айтылуы керек. Баланы қанаттандыратын сөздер айтылсын. «Көмектескеніңе рахмет», «Сен болмағанда не істер ем», «Сен неткен керемет баласың» деп мақтауды ұмытпаңыз.

Қаржылай сауаттың бұған қандай қатысы бар?

Бұл жерде мәселе мотивациямен шектелмейді. Ақы бергеннің бұдан да терең пайдасы бар.

  • Бала «уақыт — еңбек — ақша» дегеннің не екенін түсінеді.
  • Жауапкершілік пен жалдамалы жұмыстың аражігін ұғады.
  • Ақшаны қалай жарату керегін түсінеді. Жоспарлауды, жинауды, таңдауды үйренеді.
  • Есейгенде алданып қалмайтын, саналы бала болып өседі.

Бірақ мына нәрсені ескеру керек: егер бала көмектескеніне ақша алатын болса, отбасы мүшесі ретіндегі міндеттерін жасауды ұмытпауы керек. Аяқ аттағанға ақша сұрайтын болып кетпесін. 

Ата-аналарға арналған чек-лист

  • Балаңызбен үй шаруасы туралы, оларды не үшін істеу керегін талқылап, сөйлесіп көрдіңіз бе?
  • Қай шаруаның міндет екенін, қайсысын еркіне қарай бастама ретінде істеуге болатынын біле ме? Екеуінің аражігі нақты ажыратылған ба?
  • Ақшадан басқа ынталандыратын тәсіл һәм жүйе бар ма?
  • Бала ақша ұстай ала ма?
  • Тигізіп жатқан көмегінің материалдық тұрғыдан бөлек маңызын біле ме, түсіне ме?

Түйін

Төлей ме, төлемей ме — әркім өзі біледі. Барлығы бірдей ақша төлей алмауы да мүмкін. Бұл жерде мәселе баланс сақтауда болады.
Егер балаңыз еңбекқор, жауапкершілігі мол, қолкөмектің құнын түсінетін бала болып өссін десеңіз, онда ақша беріп қана қоймай, оның маңызын түсіндіру керек. Яғни ақша тәрбие құралы ретінде жүре алады. Дегенмен барлығы ақшаға тірелмесін.

Еске сала кетсек, бұған дейін декретте отырса да жұмысқа шыққан аналар туралы материал жариялағанбыз. Екі жаққа да үлгеруге қатысты лайфхактармен танысып шығыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз