Қазақстандық оқушылар Жазғы гимназиада да 11 медаль алды

Қазақстандық оқушылар ISF U-15 Жазғы гимназиада да 11 медаль жеңіп, рекорд орнатты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
ISF U-15 Жазғы мектеп гимназиадасы 2025 жылдың 4-14 сәуірі аралығында Сербияның Златибор қаласында өтіп жатыр.
ISF U-15 – 13 пен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең ірі халықаралық спорттық дода. Биылғы жарысқа 65-тен астам елден 3 000-ға жуық қатысушы жиналды.
Қазақстан құрамасының сапында ел намысын 23 оқушы қорғады. Олар республикалық іріктеуден өтіп, дзюдо, еркін күрес, бокс және шахмат секілді төрт спорт түрінен сынға түсті.
Бокс жарысында Айбек Садық, Шыңғысхан Макаров, Нұртас Алимбай, Сайлауқазы Сымбат және Нұрболат Әмір алтын жүлдені жеңіп алды. Ал Алихан Смағұл қола медаль иегері атанды.
Дзюдо бойынша Бақдәулет Серікәлі алтын жүлде алса, Ерасыл Қалмаханбет қола медаль алды.
Еркін күресте де отандастарымыз табандылық танытты: Висхан Арашов – күміс, Мансұр Ақылбай мен Нұрқожа Қалыбек – қола жүлде жеңіп алды.
Шахмат жарысында Олтинай Алғаппарова мен Жанат Нұрым жоғары деңгейдегі спорттық мәдениетті көрсетіп, әділ ойын қағидаларын ұстанғаны үшін Халықаралық адал ойын комитетінің арнайы марапатына ие болды.
Айта кетейік, Қазақстан бұл беделді жарысқа 2022 жылдан бастап қатысып келеді.