Әрбір төртінші адам әріптесімен отау құрған – сауалнама нәтижесі

Жарияланды 13 Сәуір 2025 14:49

(жаңартылды 14 Сәуір 2025 10:20)
Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні/фото: shutterstock
15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні/фото: shutterstock

15 сәуір – Қазақстанда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні. Ел арасында бұл күнді «ғашықтар күні» деп те атайды. Мерекеге орай HeadHunter 800-ден астам қазақстандық арасында сауалнама жүргізген. Сол арқылы әріптестер арасындағы сезім әрі қарай жалғасын қаншалықты жиі табатынын және адамдардың мұндай қарым-қатынасты қалай бағалайтынын білген.

Бір көргеннен ғашық болу

Сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы әріптесіне ғашық болғанын айтқан. Сондай-ақ екі тараптың да бір-біріне сезімі болғанын көрсеткен. Ал сауалнама қатысқандардың 18%-ы сезімін ашып айтпай, үнсіз ғана ұнатқан. 7%-ында сезімі жауапсыз қалған. Әрбір төртінші адам әріптесіне ешқандай сезімі болмағанын айтқан.

«Оған бір көргеннен ғашық болдым. Басында жұмысқа қатысты сұрақпен жүгінген еді, бәрі содан басталды. Бір жыл бойы сыйлық беріп, түскі ас, содан кейін кешкі асқа барып жүрдік. Қазір үйленгенімізге 5 жыл болды, екі ұлымыз бар. Оның тек менің сүйікті әйелім ғана емес, ол – мықты маман. Кәсіби дамуын қолдаймын, себебі талантты адам ас үйде қалып қоймауға тиіс»,  – деген сауалнамаға қатысқандардың бірі.

200 адам әріптесіне үйленген

Сауалнамаға қатысқан әрбір төртінші адам әріптесімен қыз-жігіт болып кездескенін айтқан. Тіпті 25%-ы жұмыста танысқан адаммен отау құрған.

30%-ы жай ғана ұнату болғанын, енді 20%-ы әріптесімен отбасы құрғысы келгенін, алайда арада кедергілер болғанын айтты.

«Алматы халықаралық әуежайында 20 жыл жұмыс істедім. 2020 жылы бізге менің болашақ әйелім жұмысқа келді. Ол уақытта ажырасқан едім. Танысқан сәттен бастап арамызда жылы қарым-қатынас болды. Оны тағы көру үшін жұмысқа асығатынды шығардым. Нәтижесінде 2020 жылдың қарашасында той жасадық. Достар, туыстар мен әріптестердің басын қостық. Қазір әуежайда жұмыс істемеймін, бірақ әйелімді сол жерде кездестіргеніме қуаныштымын», – деген сауалнамаған қатысқандардың бірі.

Қоғам қалай қабылдайды?

Жұмыстағы «роман» әдетте қызу талқыға түсетін тақырыптың бірі. Себебі әр адамның пікірі әртүрлі. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 52%-ы мұны қалыпты жағдай деп санайды. Бастысы сезім жұмысқа кедергі келтірмесе болды. Ал 23%-ы бұған сақтықпен қарайды, олар үшін бұл жағдайға байланысты қабылданатын шешім. 8%-ы жұмысты басқа адамдармен танысуға таптырмас жер деп санайды, 10%-ы жұмыс орнында жеке қарым-қатынас орнатуға қарсы.

Махаббат қанша жыл «өмір сүреді»?

Кеңседегі «махаббат» әдетте әртүрлі аяқталады. Сауалнамаға қатысқандардың 33%-ы жұмыста кездестірген адаммен бірге екенін айтқан. 21%-ы айырылысып кеткен, алайда дос болып қалған көрінеді. Тек 5%-ында «махаббат» жанжалмен аяқталған. 35%-ы мұндай жағдаймен бетпе-бет келмеген.

«Болашақ әйелімді зауытта инженер-технолог болып жұмыс істеп жүргенде кездестірдім. 9 жыл бұрынғы оқиға. Оның жұмысқа тұру үшін қол қоюға кеңсеге ең алғаш келгені әлі есімде. Шуақ шашып тұрды. Содан кейін араға бір апта салып келді, сол аралықта ол туралы ойламаған күнім жоқ. Содан кейін танысу, бірге қыдыру… Батылдық жинап, сүйіктісінің бар-жоғын сұрадым. Арада біраз жыл өтті, қазір ерлі-зайыптымыз. Жұмыста жүріп өмірлік серігімді кездестіргенім үшін тағдырға разымын», – дейді сауалнамаға қатысушы.

Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 63%-ы бірге жұмыс істеп, бірге дамуға болады деп санайды. Тек екеуінің аражігін ажыратып алу қажет. Енді 25%-ы мұның адамға байланысты екенін айтқан. Тек 11%-ы мұны күрделі деп бағалаған.

Сондай-ақ оқыңыз