Төтенше жағдайлар министрі Qarmet компаниясына тиесілі шахтаға түсті

Төтенше жағдайлар министрі Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ-на қарасты «Саран» шахтасына түсті.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, Шыңғыс Әрінов Qarmet-тің көмір және болат департаменттеріне қарасты нысандарды аралады.
Әрінов компания шахталарында енгізілген позициялау жүйесімен танысқан.
«Бұл заманауи технологиялық шешімдер кеншілердің нақты уақыт режимінде орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін аса маңызды», – делінген ақпаратта.
Министр «Саран» шахтасына түсіп, 540 метрлік горизонтта орналасқан көмір қазу комбайнының жұмысын көріп, кеншілердің еңбек жағдайымен де танысқан.
Әріновтің Көмір департаментінің диспетчерлік-аналитикалық орталығының жұмысына ерекше назар аударғаны айтылды. Бұл жерде шахталардың жағдайы тәулік бойы бақыланып, өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерінің сақталуы тексеріледі және төтенше жағдайлар кезінде жедел басқару жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» Qarmet болып өзгертіліп, оның бас директоры болып Вадим Басин тағайындалды. ArcelorMittal Қазақстанда 1995 жылдың қарашасынан бастап жұмыс істеді. Компанияның негізгі активтеріне Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинаты, Қарағанды облысындағы сегіз көмір шахтасы кіреді. Олар: Абай, Сарань, Ленин, Қазақстан, Шахтинск, Тентек, Костенко және Күзембаев атындағы шахта.