Төрт аймақтағы ірі су қоймаларынан су жіберіліп жатыр

Елімізде тасқын суын қабылдау үшін бірнеше өңірдегі су қоймаларынан су жіберіліп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, бұл шара тасқын суын қабылдау және өткізу үшін іске асып жатыр. Тізімде еліміздің солтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарындағы ірі су қоймалары бар.
13 сәуірдегі жағдай бойынша Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының су қоймаларында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды.
Ақмола облысында Астана су қоймасынан секундына 53 текше метр, Сілеті су қоймасынан 41,7 текше метр, Шағалалы су қоймасынан секундына 7,5 текше метр су жіберіліп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасынан секундына 465 текше метр, ал, Өскемен су қоймасынан 450 текше метр су жіберілсе, Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан секундына 2 100 текше метр су жіберіледі.
Министрлік ақпаратына сәйкес, Қарағанды облысында Ынтымақ су қоймасынан секундына 8 текше метр, Самарқан су қоймасынан 2 текше метр су жіберіліп жатыр.
Ұлытау облысы Кеңгір су қоймасынан секундына 81,4 текше метр су, Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 643,3 текше метр, Петропавл су қоймасынан 1 348 текше метр су жіберіліп жатқаны айтылды.