
Қашықтан істейтін режим бір қарағанда ыңғайлы әрі оңай болып көрінеді. Өз еркіңіз өзіңізде, еркіндік көбейеді деп ойлайсыз. Бірақ, шын мәнінде, фриланстың да қиын тұстары бар. Күн тәртібін дұрыстап реттеп, жоспарламасаңыз, не үйге үлгермей, не жұмысқа ден қоя алмай дал болуыңыз мүмкін. Әсіресе, кішкентай баласы бар адамдарға жұмыс кестесін ыңғайлап алмаса болмайды. Олай болса, бүгінгі материалымда отбасылы қызметкерлерге өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, фриланс-баланс режимінде қалай жұмыс істеуге болатынын талдайық.
Фриланс сіз ойлағандай еркін өмірдің синонимі емес…
Көпшілігі күнде кеңсеге барып жүрмей, үйден-ақ істей беруге болатын болғасын қашықтан істеуге ауысып жатады. Бірі таңертең ерте тұрып автобус күткісі келмейді, енді бірі бала-шағасы бар болғасын жұмысқа шыға алмайды. Кейбірі елде тұрақтамайтындықтан, әлемнің кез келген жерінен істей беруге болатындай ыңғай қарайды. Десе де, мына нәрселерді ескеру керек:
- Үнемі байланыста болуыңыз керек. Қызмет көрсету саласы болса, клиенттер күн демей, түн демей хабарласа береді.
- Үй кеңсе бола алмайды. Бөлек бөлме не бұрыш арнап қойсаңыз да, отбасылы адамның үйі кеңсе бола алмайды. Өйткені назарыңызды аударып, көңіліңізді бөлетін нәрсе көп. Мысалы балалар шулайды, біресе су ішкісі келеді, біресе қарны ашады. Болмаса, салған суретін әкеліп, мақтанғысы келеді дегендей.
- «Жұмыстан кетіп қалу» деген болмайды. Себебі фрилансерде жеке өмір мен жұмыс біте қайнасып жатады. Кеңсенің есігін жауып кеткендей қашып құтыла алмайсыз.
Осы факторларды ескерсек, қашықтан істеу отбасылы, әсіресе, баласы бар адамдарға өте қиын. Бірақ солай екен деп еңсеңізді түсірмеңіз. Өйткені мұндай жағдайда сізге бәрін дұрыс ұйымдастыратын қабілет қана керек.
Басты мақсат баланс табу емес, жүйе болсын
Отбасы мен жұмыс арасында мінсіз баланс табу мүмкін емес. Өйткені екеуі бір-бірінің шекарасына бәрібір өтіп кетеді. Десе де, нық тұратын жүйе жасап алу өз қолыңызда тұр. Яғни отбасында әркімнің өз рөлі, жауапкершілігі, кеңістігі болуы керек. Соларды шегендеуден бастаңыз.
Олай болса, мына кеңестерімізге құлақ түріңіз:
1. Жұмысқа қатысты шекара белгілеп алыңыз
Режим болмаса, бәрі құриды. Баланың жөргегі мен бітпейтін тапсырманың арасында «шашылып» қаласыз.
Не істеу керек?
- «Жұмыс уақыты» болуы керек. Мысалы, түске дейін 3 сағат сіздің жұмыс уақытыңыз. Ол кезде ешкім сізге кедергі келтірмеуі керек.
- Арнайы бұрыш жасап алыңыз. Тек жұмыс істеуге арналған аймақ белгілеңіз. Ноутбукпен отырып істеуге ыңғайлы кез келген жерді шегендеп қойыңыз.
- Сырттан жұмыс істеп келіңіз. Егер сіз қанша сағатыңызды жұмысқа арнайтыныңызды өзіңіз шеше алсаңыз, онда жолдасыңызбен ақылдасып кофехаус, коуоркиң орталықтарда істеп келуге келісіңіз.
- «Жұмыс істеп жатырмын» деген сигнал болуы керек. Егер бөлменің есігін жауып жұмыс істейтін болсаңыз, маңдайша іліп қойыңыз. Бұрышта отырып істесеңіз, құлаққап тағып алыңыз. Сырттан қарағанда жұмыс істеп жатқаныңыз түсінікті болсын.
Қызық дерек: Buffer мәліметтеріне сүйенсек, фрилансерлердің 32%-дан астамы жеке өмір мен жұмыс арасында нақты шекара болмағандықтан, қиындыққа көп тап болады екен.
2. Отбасы мүшелері кедергі емес, одақтасыңыз болуы керек
Үйіңіз кеңсеге айналған болса, онда үйдегілер сіздің жұмыс істеп жатқаныңызды жақсы түсінуі керек. Жай ғана телефон қарап отыр не ноутбуктен фильм қарап отыр дегендей көзқарас болмауы қажет.
Оны қалай түсіндіреміз:
- Дедлайндарыңызды айтыңыз. Мәселен «бүгін 11-де менде жиналыс бар. Мазаламаңдар» дегендей.
- Көмек сұраңыз. Егер шұғыл жұмыс шықса, онда балаларға кімнің қарай тұратынын алдын-ала шешіп алыңыз.
- Шағын жиналыстар ұйымдастырып тұрыңыз. Аптасына бір болсын кімнің не істеп жатқанын, қандай жоспары барын талқылау керек.
3. Автоматтандыруға болатын нәрсенің бәрін автоматтандырыңыз
Автоматизация — фрилансердің басты көмекшісі. Ұсақ тірлік неғұрлым аз болса, соғұрлым сізде уақыт көп болады.
Берер кеңесіміз:
- Келісімшарт, бриф, жауаптардың үлгісін алдын-ала жасап қойсаңыз, өзіңізге оңай болады.
- Жоспар жасайтын қолданбалар пайдаланыңыз (Notion, Trello, ClickUp).
- Күнтізбеге жоспар тізіп жүріңіз (мысалы Google күнтізбе).
- Pomodoro таймерін қолданыңыз. 25 минут жұмыс істеп, 5 минут демалып отырыңыз.
4. Көп жұмыс істегеннен гөрі өнімді жұмыс істеуге ден қойыңыз
Ноутбуктың алдында қанша сағат отырғаныңыз маңызды емес. Бастысы қанша жұмыс істелді — соған қарау керек.
Олай болса:
- Time blocking жасаңыз. Күніңізді блоктарға бөліп тастаңыз; жұмысқа фокус қою, қоңыраулар, жиналыстар, демалыс, отбасы.
- Бір күнде бір маңызды шаруа бітіріп отырыңыз. Қалғанын ыңғайға қарай істейсіз.
- «Мультитаск» жасауға құмар болмаңыз. Бір уақытта бірнеше тірлікпен айналысқаннан гөрі бір жұмысқа фокус қойған әлдеқайда жақсы.
5. Форс-мажорға уақыт бөліп қойыңыз
Баласы бар үйде ойламаған жерден бір жағдайлар болып қалуы мүмкін. Біреу ауырып қалады, біреуі тым ерте тұрып алады. Сондықтан уақытыңыз 20-30%-ын буферге алып қойыңыз.
Айталық, жобаға 3 сағатыңыз кететін болса, онда 4 сағат деп есептеңіз. Сонда әлдене бола қалса, сол қорда сақтаған уақытты арнайсыз.
6. Отбасыңызбен демалуды ұмытпаңыз
Фрилансерлер көбіне жұмыс істемесе — бос жүргеніне, жұмыста болса балаға көңіл бөлмегеніне қапа болады. Екеуін қатар аламын деп тырысқанда шаршап, қажып кетіп жатады.
Мұның шешімі — демалыс пен ортақ шаруаларды кестеге кірістіру.
- Таңғы асты телефонсыз бәріңіз бірге ішуге болады;
- Түстен кейін жарты сағат серуендеңіз;
- Ешкім жұмыс істемейтін отбасылық бір күн болсын.
Қызық дерек: Harvard Business Review жасаған зерттеудің нәтижесін қарасақ, саналы түрде жасалған демалыстың арқасында жұмыс өнімділігі 20-30%-ға артады екен.
7. Жалғыздың үні шықпас. Басқалардан қолдау керек.
Ол үшін:
- Өзіңіз сияқты фрилансер ата-аналардың чаты болса, тауып алыңыз;
- Балаларға қарай тұратын көршіңіз бар ма, көмек сұрап тұрсаңыз болады;
- Жеткізу қызметі, клиниң секілді сервистерді қолданыңыз.
8. Қаражат, жеке мақсаттарды жоспарлап жүріңіз
Фриланстың жаман жері — тұрақсыз. Бойдағы мазасыздықтың азайту үшін былай істеуге болады:
- 2-3 айға жететіндей ақшалай қор жинап қойыңыз;
- Табысыңызды уақытпен өлшеп үйреніңіз;
- Отбасылық, жеке мақсаттар қойып, соған жетуге ұмтылыңыз.
Жүйені өзіңізге қарай ыңғайлап алуыңыз қажет
Фриланс пен отбасы бір-біріне кереғар ұғым емес. Оны құдды команда деуге болады. Бастысы, мінсіз қызметкер һәм ата-ана болуғы тырыспаңыз. Олай тыраштанған сайын бәрі кері кетуі мүмкін. Өз режиміңізді өзіңізден басқа ешкім керемет білмейді. Сондықтан ыңғайға қарап реттеп алу өз қолыңызда тұр.
Еске сала кетсек, бұған дейін «жұрт не дейді?» деп бас қатырмай, қарапайым да бақытты ғұмыр кешуді таңдағандардың өмір сүру философиясы — Downshifting туралы жазған едік.