ҰБТ – 2025: Жаңарған базаға енген материалдарды қайдан алуға болады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Көрнекі сурет
ҰБТ – 2025: Жаңарған базаға енген материалдарды қайдан алуға болады/Көрнекі сурет

2025 жылғы ҰБТ форматына, оның ішінде тапсырмалар саны мен тестілеу уақытына өзгеріс енгізілмейді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева Kursiv.Media сауалына жолдаған жауабында мәлім етті.

Биыл да ұлттық бірыңғай тестілеу жалпы 120 тапсырмадан тұрады. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма болады. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут).

ҰБТ базасы

2026 жылы ҰБТ-ға арналған тест тапсырмалары қоры толықтырылып жаңартылған. Есинбаева тест тапсырмалары негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес құрастырылатынын айтады.

«Тест тапсырмалары мектепте оқытылатын жалпы білім беретін пәндер бойынша үлгілік оқу бағдарламалары, оқулықтар, пәндер бойынша тест спецификациялары негізінде әзірленді», – делінген жолданған жауапта.

Жаңартылған материалдар

ҰБТ-ға арналған төмендегідей материалдар жаңартылып, дайындық мақсатында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланған:

·      тест жоспары мен спецификациялары;

·      үлгілік тест нұсқалары;

·      ұсынылатын оқулықтар тізімі;

·   «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша тарихи даталардың жаңартылған тізімі;

·      қазақ және орыс әдебиеттері пәндері бойынша шығармалар тізімі;

·       «Информатика» пәні бойынша терминологиялық анықтамалар.

Грант саны мен басым бағыттар

Мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына, педагогикалық ғылымдарға, жаратылыстану ғылымдарына ерекше көңіл бөлінеді. Ұсынылған үлестірімге сәйкес, техникалық мамандықтардың үлесі 60%-ға дейін артады. Гуманитарлық – 28 %, медициналық – 8 %, шығармашылық – 4 % болады.

2025-2026 оқу жылына 75 мыңнан астам грант бөлу жоспарланып отыр.

Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау 12 сәуірде басталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз