
Алматы қаласының әкімдігі мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров әлем чемпионатында алған күміс медалімен құттықтады. Бостон қаласында өткен байрақты бәсекеде отандасымыз дара шығып, әлемдік деңгейде Қазақстанның абыройын асқақтатты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов спортшыны арнайы қабылдап, табандылығы мен жігерлігін жоғары бағалады. Қала атынан Шайдоровқа 2,5 млн теңге көлемінде қаржылай сертификат табысталды.
Сіз қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың абыройын арттырып қана қоймай, жүздеген жас спортшыға шабыт сыйладыңыз. Ерекше алғысымызды жаттықтырушыңыз – Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Робертқызы Қасановаға білдіреміз. Оның кәсібилігі мен шынайы адалдығы отандық спорттың дамуына зор үлес қосып келеді, – деді Бейбіт Шаханов.
Кездесу барысында Михаил Шайдоров да әкімдікке алғыс айтып, бұл жеңістің тек өзі үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды екенін атап өтті.
Қолдау көрсеткен барша алматылықтарға, қала әкімдігіне алғысым шексіз. Бұл – менің ғана емес, елімнің де жеңісі. Осы жолда маған сеніп, көмектескен жандардың еңбегі мені биікке жетеледі, – деді спортшы.
Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров 30 наурыз күні Бостон қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс медаль алды.