
«Қазгидромет» РМК 2025 жылғы 14 сәуірге арналған ауа райы мен синоптикалық жағдай туралы болжамын жариялады. Ел аумағының басым бөлігіне жаңбыр, найзағай күтіледі. Түнде еліміздің орталығында және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жаууы ықтимал. Солтүстікте жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын болжанып отыр.
Тек республиканың оңтүстік-батысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Кей аймақтарда тұман түсіп, жел күшейеді. Оңтүстік-шығыс, шығыс, солтүстік және орталық өңірлерде бұршақ жаууы мүмкін. Оңтүстік-шығыста бұдан бөлек, қатты дауыл соғуы ықтимал.
Жетісу облысындағы Алакөл көлдері маңында күндіз желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетуі мүмкін.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының батысында, сондай-ақ Ақтөбе облысының солтүстігінде 3 градусқа дейін үсік жүреді деп күтілуде.
Мамандар тұрғындарға ауа райының өзгеруіне байланысты барынша сақ болуды және қажетті сақтық шараларын ұстануды ескертеді.