Дженнифер Лопес концертіне қатысты билет дауы: Freedom Ticketon мәлімдеме жасады

Жарияланды 14 Сәуір 2025 11:09

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Дженнифер Лопес концертіне байланысты Ticketon мәлімдеме жасады

Әлемдік поп-музыка жұлдызы Дженнифер Лопестің концертіне билеттерді сату кезінде туындаған қиындықтарға қатысты ресми оператор Freedom Ticketon арнайы мәлімдеме жасады.

Компания бас директоры Виктория Торгунакова соңғы үш күнде жүйеге түскен рекордтық жүктеме салдарынан мыңдаған орынға тапсырыстың қайталанып кеткенін хабарлады. Бұл мәселе тапсырыстардың дұрыс рәсімделуіне айтарлықтай кедергі келтірген. Осыған орай Ticketon жүйені жеке тексеру режиміне көшіріп, қайталанған тапсырыстарды қайта өңдеуді қолға алған.

Компания тарапынан қабылданған негізгі шешімдер:

1. Барлық сатып алушыларға қызметтік алымдар толық қайтарылады.

2. Қайталанған билеттерге тап болған тұтынушылармен жеке жұмыс жүргізілуде:

  • Кейбір тұтынушыларға жоғары санаттағы орындар ұсынылды. Мысалы, 40 000 теңгелік сектор билетін сатып алған адамдарға 90 000 теңге тұратын би алаңынан билеттер берілді. Билет бағасының айырмасын Ticketon өз есебінен өтейді.
  • Егер ұсынылған орын тұтынушыға сәйкес келмесе, екі нұсқа бар:
  • Жаңа орынды қабылдап, концертке бару;
  • Немесе билетті қайтарып, оның толық құнын + 50% бонусын Freedom Ticketon шотына алу.

3. Бағасы сәйкес орын табылмаған тұтынушыларға да балама ұсынылды:

  • Олар концертке кіру мүмкіндігін сақтай отырып, арзандау санаттағы билетке ие болады.
  • Сонымен бірге бұрынғы билетінің толық ақшасы қайтарылады.

Біз тұтынушыларымыз бен концерт ұйымдастырушылары алдындағы жауапкершілікті толық сезінеміз. Бұл келеңсіздік үшін кешірім сұраймыз. Сонымен қатар бұл мәселе шоудың сапасына әсер етпейді, – деді Виктория Торгунакова.

Freedom Ticketon мәліметінше, билеттерді қайта рәсімдеу процесі алдағы екі жұмыс күні ішінде аяқталады. Әлі де ваучер алмаған немесе билеттен бас тартқысы келетіндерге сайт арқылы өтініш қалдыруға болады.

Еске сала кетейік, Дженнифер Лопес 1 тамыз күні Астанада жеке концертін береді. Әншінің кешіне билеттер бірнеше сағаттың ішінде толықтай сатылды.

Сондай-ақ оқыңыз