
Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курорты 2024–2025 жылғы қысқы маусымның аяқталғанын ресми түрде хабарлады. Курорт әкімшілігі келушілерге алғысын білдіріп, жазғы маусымға дайындықтың басталғанын мәлімдеді.
«Бұл маусым оңай болған жоқ. Бірақ біз демалушылар үшін барымызды салдық. Қонақтарымыздың әр сәті ұмытылмас болсын деген ниетпен жұмыс істедік», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, курорттағы арқан жолдары 11 мамырға дейін жұмысын жалғастырады. Ал 12–31 мамыр аралығында арқан жолдары жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге байланысты уақытша тоқтатылады.
Шаңғы тебу кезеңі аяқталғанымен, Шымбұлақтың жазғы көрінісі мен тыныштығы мегаполистен демалыс іздеген жандар үшін таптырмас мекен болып қала бермек.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымбұлақ тау-шаңғы курорты Ski Business Awards-2024 нұсқасы бойынша ТМД елдерінің арасында үздік тау-шаңғы курорты атанған еді.