Президент Голан жоталарында бітімгерлік қызметте болған әскерилерді марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Голан жоталарында бітімгерлік қызмет атқарған әскерилерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесіп, елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген әскерилер ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсеткенін атап өткен.
«Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз», – деді Тоқаев.
Президент Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулардың да маңызды миссияны жүзеге асыруға атсалысқанын ерекше атап өткен.
Сонымен бірге мемлекет басшысы қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызмет атқарып жатқанын, болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін алғыс айтып, олардың туыстарына ризашылығын білдірді.
«Қазақта «Ердің ісі – елдің ісі» деген сөз бар. Сіздер елдік пен ерліктің туын биік ұстап жүрсіздер. Алдағы уақытта да қасиетті Отанымызды қорғап, табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Армиямыздың айбыны арта берсін! Еліміз аман, әскеріміз қуатты болсын», – деді президент.
Еске сала кетсек, қазақстандықтар Голан жоталарына 2024 жылдың наурызында кеткен болатын. 2025 жылдың ақпанында қазақстандық бітімгерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының медалімен де марапатталды. Ал бірнеше күн бұрын әскерилердің елге оралғаны хабарланды.