Жаңалықтар

Тәжікстанда бір тәулік ішінде 3 рет жер сілкінді

Таразда тағы жер сілкінді
Тәжікстанда бір тәулік ішінде 3 рет жер сілкінді / Фото: kursiv.media архив

Тәжікстанда жер сілкінді. Кеше 13 сәуірде екі жер сілкінісі тіркелген болса, бүгін 5:44-те тағы бір жер сілкінісі тіркелген. Бұл туралы Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) хабарлады.

Бүгін, 14 сәуірде тіркелген жер сілкінісінің қуаты 4,6 балды құраған. Жер асты думпулерінің ошағы Тәжікстанның Рашт атты елдімекенінен 13 шақырым жерде 5 км тереңдікте тіркелген.

Дәл осы елдімекеннің жанында 13 сәуір күні 9:24-те қуаты 5,8 балды құрайтын жер сілкінісі болды. Бұл жер сілкінісі кезінде ауыл тұрғындарының қора-қопсысы мен үйлеріне зиян келгені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ табиғи апат кезінде 3 жасар бала қаза тапқаны айтылады.

Екінші жер сілкінісі 12:14-те тіркелді. Оның қуаты 4,2 балды құраған. Жалпы екі жер сілкінісі кезінде Рашт және Таджикабад аудандарында 94 тұрғын үй қираған.