Meta компаниясы қазақстандық авторларға енді көбірек гонорар төлей бастайды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Meta, Instagram, музыка
Meta компаниясы Instagram-ға қазақ әндерін қайтарады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстандық авторлар енді Meta компаниясынан авторлық туындылар үшін қымбатырақ қаламақы ала алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан авторлар қоғамы» РОО бас директоры Айнұр Есендікова айтты.

«Бізді басында көпшілік авторлар түсінбеді. Бірақ біз күрес жүргізіп, Қазақстанда да барлық халықаралық ұйымдарға төленетіндей әділ бағалануына талап еттік. Бұған қол жеткіздік. Біз Meta-мен ұзарту шартымен екі жылға келісімшартқа отырдық», – деді қоғам басшысы.

Сонымен бірге авторлық қоғам өкілі келіссөздер 5-6 ай жүргізілгенін, бұл өте қысқа мерзім екенін айтты. Дәл осындай келіссөздерді Италияның авторлық қоғамы бұл компаниямен 2 жыл бойы жүргізген. Бұл келіссөздер сотпен аяқталған.

«Біз конструктивті келіссөздер жүргізіп, ортақ келісімге келдік», – деді Есендікова.

Қоғам өкілінің айтуынша, Инстаграмға қазақстандық әндер қайта орала бастайды.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың қараша айында қазақша әндер Instagram-нан жоғалып кетті. Авторлар бұл платформадан өздеріне тиесілі гонорарды ала алмағанын айтқан.  

Сондай-ақ оқыңыз