Мьянмада құлдықта болған 4 қазақстандық елге қайтарылды

Қазақстанның 4 азаматы Мьянма елінде құлдықта болған. Олардың Сыртқы істер министрлігінің араласуымен, елге қайтарылғанын Dunyo басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Өзбекстанның бас консулдығына 2000 жылғы және 1997 жылғы екі азамат хабарласып, өздерінің Мьянмада адам саудасының құрбаны болғанын айтып көмек сұраған.
Өзбекстандық азаматтарға Таиландта жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынылған. Азамттар келіскен соң, оларға Өзбекстаннан-Таиландқа ұшаққа тегін билет берілген. Бірақ бұл елге келген соң, олар заңсыз Мьянма еліне жеткізіліп, адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтың қолын түскен. Ол жерде құлдықтағы азаматтарды алаяқтықпен айналысатын колл-орталықтарда жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Бұл жұмысты атқарудан бас тартқандар соққыға ұшырап отырған. Ал олардың құлдықтан босап, үйлеріне оралуы үшін қылмыстық топ қомақты қаражат талап еткен.
Қылмыстық топ Қазақстанның 4 азаматын, Қырғызстанның 8 азаматын, Өзбекстанның 2 азаматын құлдықта ұстап келгені анықталған. Таиландта Қырғызстанның елшілігі болмауы себепті бұл елдің азаматтарының қайтарылуына Қазақстан мен Өзбекстанның консулдықтары көмектескен.
«Мьянма мен Таиландтың құзырлы органдарымен келісілген іс-қимылдар мен келіссөздер нәтижесінде Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан азаматтары босатылып, Маесот (Таиланд) шекаралық өткізу пунктінде Өзбекстан мен Қазақстан дипломаттарына тапсырылды, олар уақытша баспанамен және азық-түлікпен қамтамасыз етілді», – деп хабарлаған Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі.
Ал 11 сәуірде Өзбекстан мен Қазақстанның Таиландтағы дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен Өзбекстанның 2 азаматы, Қазақстанның 4 азаматы және Қырғызстанның 7 азаматы отанына оралған.