
Екі жастағы қызынан айырылған өзбекстандық боксшы жеңісінен кейін, періште бүлдіршінін есіне алып, көзіне жас алды.
Шахрам Гиясов АҚШ-та өткен жекпе-жегінде аргентикалық Франко Окамподан басым түсті. Қарсыласын айқын жеңіп, жұдырықтасуды ерте аяқтады.
Жекпе-жек соңында боксшы көрермендердің алдына шығып, көз жасына ерік берді. Гиясов бұл жеңісін наурыз айында қаза болған екі жастағы қызына арнайтынын мәлімдеген.
«Мен қызыма уәде бердім. Әлем чемпионы боламын деп сөз берген едім. Бұл жекпе-жегімді, жеңісімді қызыма арнаймын», – деп сезімге, көз жасына ерік берді.
Өзбекстандық боксшының бұл сөзі өте әсерлі шықты. Тек шаршы алаңның айналасындағы көрермендерді ғана емес, әлем жұртшылығының жүрегі езілді.
«Ешкім балам деп қайғырмаса екен. Алла сабыр берсін», «Көз жасымды тия алмай қалдым. Кішкентай періште, тыныш ұйықтай ғой!», – деп жазып жатыр көрермендер.
Шахрам Гиясов – 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиаданың жүлдегері. Ол 17 мәрте жеңіске жетіп, 10 мәрте нокаутпен ұтқан. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Данияр Елеусіновке есе жіберген. Одан өзге, ешкімнен ұтылмаған.
Мұның алдында өзбек боксшысы Абылайхан Жүсіповті тістегені үшін алтыннан айырылған еді.