Қырғызстан Мәскеуде полиция тарапынан қорлық көрген азаматтарына қатысты наразылық нотасын жолдады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Қырғызстан Мәскеуде қорлық көрген азаматтарына араша түсіп отыр./facebook
Қырғызстан Мәскеуде қорлық көрген азаматтарына араша түсіп отыр./facebook

Қырғызстан Мәскеуде полиция тарапынан қорлық көрген азаматтарына қатысты Ресейге наразылық нотасын жолдады.

2025 жылғы 11 сәуірде Мәскеудегі «Бодрость» моншасында жүргізілген тексеріс барысында 24 қырғыз азаматы ұсталды. Олардың айтуынша, ұсталған кезде күш қолданылған.

Нотада не делінген?

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға байланысты Ресей тарапына ресми наразылық нотасын жолдады. Қырғызстан азаматтарына қатысты ресейлік құқық қорғау органдарының әрекеттері, күш қолдану фактісі бойынша түсініктеме беру сұралды. Сондай-ақ, бұл әрекеттер заңсыз деп танылса, Мәскеу полициясы қызметкерлеріне қатысты шара қолдану қажет екені айтылды.

Осылайша, Қырғызстан Мәскеуде қорлық көрген азаматтарына араша түсіп отыр.

Депутаттар дүрлікті

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жогорку Кеңеш депутаты Жанар Акаев парламенттің әлеуметтік саясат жөніндегі комитетінің отырысында Қырғызстан СІМ-нің әрекетіне наразы екенін білдірді. Оның айтуынша, зардап шеккен азаматтармен өткізілген сұхбаттарда оларды ащы бұрыш, темекі жеуге мәжбүрлегені айтылған.

«Азаматтарымызды қорлады»

«Біз Ресеймен стратегиялық серіктеспіз дейміз. Алайда олар біздің азаматтарды қорлап жатыр. Осындай жағдайда үнсіз қалуға болмайды. Мәскеуде 70 мыңнан астам мигрант бар. Егер осындай қорлық көретін болса, олардың елге оралғаны дұрыс», — деді Акаев.

Сондай-ақ, ол Қырғызстанның Еңбек министрі бұл жағдайға қатысты ешқандай пікір білдірмегенін сынға алды.

Қабырғалары мен жақ сүйектері сынған

«Неліктен Ресейдегі әріптесіне хабарласпайды? Спорт залдарының бірінде азаматтарымыз соққыға жығылған, қабырғалары мен жақ сүйектері сынған. Олар шағым жазуға қорқады. Біз тәуелсіз мемлекетпіз және азаматтарымызды қорғауымыз керек», — деп мәлімдеді депутат.

Қырғызстан СІМ-нің мәліметінше, қазіргі уақытта елшіліктің консулдық қызметі ұсталған азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Оқиғаға байланысты барлық мән-жайлар анықталуда.

Мұның алдында Қырғызстанның мемлекеттік әнұранға лайықты ән мен мәтін таппай жатқанын жаздық

Сондай-ақ оқыңыз