
Вьетнамдықтар қазақ тілі қолданыла бастады. Бұл елдің супермаркеттері мен дүкендері туристер үшін қазақ тілін пайдаланып жатыр.
Өйткені, Вьетнамға демалуға барып жатқан қазақстандықтардың саны артқан.
Қазақ тілі кәсіптің тіліне айналды
Қазақстандық турист Вьетнам дүкендерінің бірінде қазақ тіліндегі ақпараттарды көріп таңырқап отыр. Тауарлардың қай елдің фирмасына тиесілі екенін қазақ тілінде жазылып, бағасы да теңгеде көрсетіліпті.
«Әдетте, Вьетнамда орыс тілінде сөйлейді. Мен қайда жүрмін? Қазақстанда ма?» – деп орыстілді қазақстандық турист қатты таңырқағанын жасыра алмаған.
Дүкен ішіндегі нұсқаулықтар да таза қазақ тілінде жазылған. «Екінші қабатта сөмкелер, аяқ киімдер және әмияндар бар», – деген жазуды көресіз.
Бұл вьетнамдықтар үшін қазақ тілі кәсіптің тіліне айналғанын байқатса керек.
«Бойкоттан кейін қорыққан шығар»
Қазақстандықтар әлеуметтік желі арқылы вьетнамдықтардың қазақ тіліне деген құрметіне алғыс айтып жатыр.
«Бойкоттан кейін вьетнамдықтар да қорқып кеткен шығар. «Қазақша сөйле» деп бір қазақ кіріп шыққан шығар», – деп әзілдегендер де табылып отыр.
Отандық туристерді Вьетнам сапары қатты риза еткені байқалады.
«Былтыр жазда Вьетнамда болдым. Вьетнамдықтар қазақ тілін үйреніп жатыр. Ол жақта кейбір қазақстандық банктер жұмыс істейді. Мен таң қалдым», – деп жазды қазақстандық туристердің бірі.
Вьетнамда қазақ әндері қойылады
Қазақстанның өзінде қазақ тіліндегі қате жазулардан аяқ алып жүре алмайсың. Ал Вьетнамдағы сауатты жазулар көпшілікті сүйсіндіріп отыр.
«Қазақша жазылып тұрғанына мен ұялып кеттім. Бұлай қатесіз Қазақстанның өзінде жазылмайды», – дейді Медина есімді қолданушы.
Вьетнамда қазақша әндерді барлық жерден естуге болады. Орталық Азиядан барған туристер қазақ әндеріне билеп, өз елінде жүргендей сезіне бастаған.
Қазақша бизнес: шетелде
«Меніңше, дүкендердің қожайыны қазақ болар деп ойлаймын. Өйткені, біздің қазақтар бүкіл әлемге тарап, жұмыс істеп жатыр. Грузияда да бизнес жүргізіп жатқан қазақтар бар. Ол елде де да қазақша жазулар бар», – деп жазды Наталья Покусаева.
«Қожайына қазақ болса да, қазақ туристерге құрмет ретінде жазған вьетнам болса да, жарайсың деймін. Азамат!» – деп ризашылығын білдіріп жатқандар аз емес.
Кореяда қазақша сөйлеу сәнге айналған ба?
Кореяда кәріс жастары қазақша сөйлеуге талпынып жүр. «Қалайсың», «Қойшы, болды», «Айналайын», «Кеттік» және басқа да қазақ сөздерін сленг ретінде жасөспірімдер қолдануға құмар екен.
«Біз өзбек тіліне шетел сөздерін араластырып сөйлейміз. Кәрістердің жастары қазақ тілін араластырып сөйлеу сәнге айналыпты. Бауырым, сенің тілің өте сұлу», – деп кореяда жұмыс істеп жүрген өзбек жігіттері қазақстандық достарына сәлем жолдап жатыр.
Табыс түсірсе, тілдің де маңызы артады
Түркияның туристер көп келетін аймақтарында түрік тілі мен орыс тіліндегі жазуларды көруге болады. Өйткені, бұл – клиенттерінің дені ТМД елдерінен деген сөз. Табыс түсіріп тұрса, түрік кәсіпкерлері қандай тілді де қолданудан тартынбайды. Мәселен, дүңгіршек иелерінің өздері саяхатшылар келетін елдердің барлық тілін өзіне қажетті деңгейде меңгеріп алған.
Өкінішке орай, кеңестік сана әлі күнге дейін елімізде басым болып отыр. Сондықтан Қазақстанда «тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз», «қазақша ақпарат жазбаймыз» деген кәсіпкерлерді де көріп жүрміз. Ақшасы бар клиенттерін қазақша сөйлейсің деп қызмет көрсетпейтіндері де бар.
Сондықтан бір тілдің аясында тарылтпай, кәсібінің көкжиегін кеңейтуде вьетнамдықтар мен түріктерден үйренетін жайт аз емес.
Мұның алдында Вьетнам, Бали және өзге де елдерде демалғысы келетін адамдардың алдымен нені білуі керек екені жайында жазған едік.