Елде екі микроқаржы ұйымы банкке айналады

Дәл қазір екі микроқаржы ұйымы банк болуға рұқсат алды. Бұл туралы бүгінгі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банк нарығы туралы заң жобасын таныстыру кезінде айтылды.
«Бүгінде екі микроқаржылай ұйымға екінші деңгейлі банк формасында қайта құрылу үшін рұқсат берілді. Олар KMF және БНК Финанс Қазақстан», – деді ҚНРДА-ның қаржы ұйымдарын пруденциалды реттеу және әдістеме департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев.
ҚНРДА банк және банк қызметін реттеуге арналған жаңа заң жобасын таныстырды. Ондағы басты өзгерістің бірі – банктердің капиталы бойынша талапты 20 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін төмендетті. Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл банк нарығына жаңа ойыншыларды тарту үшін қажет, әсіресе, микроқаржылай ұйымдар үшін өте өзекті. Ол БНК Финанс Қазақстан қазір қажетті процедуралармен айналысып жатқанын, шамамен мамырға қарай аяқтап қалатынын атап өтті. Яғни сол кезде микроқаржы ұйымына банк статусы берілуі мүмкін.
Дәл қазір елімізде капиталы 10 млрд теңгеден асатын 12 МҚҰ бар. Банк лицензиясын алып үлгерген KMF капиталы 336 млрд теңге, БНК Финанс Қазақстан капиталы 24 млрд теңгеден асады. Toyota Financial Services Kazakhstan капиталы – 257 млрд, MyCar Finance капиталы 173 млрд, ОнлайнКазФинанс капиталы -130 млрд теңгені құрайды. Ал капиталы 10 млрд теңгеден аз МҚҰ-лар саны – 62.
Осы жылы наурызда KMF микроқаржы ұйымы банк лицензиясын алды. Компания басты көрсеткіштері бойынша, елдегі 218 МҚҰ арасында бірінші орын алады, нарықтың 20% үлесін иеленеді.