Коммерциялық банктерге исламдық қаржы құралын пайдалануға рұқсат берілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) елдегі банк және банк қызметі туралы жаңа заң жобасын таныстырды. Қазақстанда банк саласында қатысты заң 1995 жылы қабылданған. Содан бері 30 жыл өтті. Нарық, банк қызметі де өзгерді. Былтыр қыркүйектегі жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайлы айтып, жаңа заң қабылдауға тапсырма берген еді. 8 ай ішінде агенттік пен Ұлттық банк өкілдері, халықаралық сарапшылар біріге отырып, жаңа құжатты дайындап шықты. Осы материалда заң жобасының ең негізгі тұсын ұсынуға тырысамыз.
Банк лицензиялары өзгереді
Банк туралы 1995 жылғы заң 3 тарау, 10 бөлімнен тұрса, жаңа заңда 9 тарау, 23 бөлім бар. Банктің ашылуы, лицензия беру тәртібінен бастап мемлекеттік бақылау, тұтынушылардың құқығын қорғау, банктің жойылуына қатысты барлық тұсты қамтыған. Басты өзгерістің бірі – енді нарыққа екі түрлі банк лицензия енгізіледі. Базалық және әмбебап.
Егер банктің жарғылық капиталы 10 млрд теңге болса, ол базалық лицензия ала алады. Мұндай лицензия алған банктер заңға сай қызметін атқара береді, бірақ белгілі бір шектеулер болады:
- бейрезиденттерге несие өнімдерін ұсынуға;
- банкпен ерекше қатынастағы тұлғаларды несиелеуге;
- күрделі қаржы құралдарымен операциялар жасауға;
- шетелде филиалдар мен еншілес ұйымдар ашуға;
- жеке тұлғалардың мерзімді және жинақ салымдарының жиынтық көлеміне шектеу енгізіледі.
Бұл қызметтерді әмбебап лицензия алған банк орындай алады. Ол үшін капитал көлемі 20 млрд теңгеге жету керек. Пруденциялық нормативтер де жеңілдетіледі. Базалық лицензия алған банк активінің ең жоғары мөлшері 500 млрд теңгеге жетсе, әмбебап лицензия алуға міндетті.
Бұл жаңашылдықтың басты мақсаты – банк секторына жаңа ойыншыларды тарту. Мәселен, қазірдің өзінде екі микроқаржы ұйымы (МҚҰ) банк лицензиясын алды. Жалпы 12 МҚҰ-ның капиталы 10 млрд теңгеден асады, яғни осынша қаржы ұйымының банкке айналуға мүмкіндігі бар. Базалық банк лицензиясын пайдалануға үміткерлердің бірі – қазіргі микрокаржылық ұйымдар (МҚҰ). Олар өз бизнесін кеңейтіп, халық пен бизнестен депозиттер тартқысы келеді.
Исламдық банкинг дамиды
Жаңа заң жобасындағы ерекше өзгерістің бірі – исламдық банкингті дамыту. Негізі шариғатқа сай қаржыландыру бізде 2009 жылдардан бастап жұмыс істейді. Қазір екі ғана ислам банкі бар. Олар – ADCB (бұрынғы Al Hilal) және Zaman банкі. Бірақ оларға нарықтың аз ғана үлесі ие. Енді агенттік дәстүрлі банктерге де «ислам терезесі» форматы аясында шариғаттағы қаржы құралдарын пайдалануға рұқсат береді.
«Біздің әмбебап банктер ислам операцияларын жүргізуге қызығушылық білдірді. Бірнеше банктермен сөйлескенбіз. Олар заңда сондай мүмкіндік болса деген ниеттерін білдірді. Олар бізге заңды түрде мүмкіншілік берсеңіздер, исламдық операцияларды жүргізуге дайынбыз дейді», – деп түсіндіреді агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.
Арнайы зерттеу жұмысынан кейін, агенттік «исламдық терезелерді» реттеудің либералды моделін таңдады. Бұл модель дәстүрлі банктерге жарамды. Оның аясында исламдық қаржы құралдарын банктің негізгі қызметінен бөліп қарастырады. Оған қатысты барлық операция да бөлек есептеледі.
Банктерге финтех-компаниялары мен маркетплейстерге қатысуға шектеу қойылады
Банктерге қаржы секторының құрамына кірмейтін ұйымдардың, соның ішінде маркетплейстер мен финтех-компаниялардың капиталына қатысуға шектеу қоятын болды. Заң жобасына сәйкес, банк кез келген бейқаржылық ұйымның капиталына өзінің меншікті капиталының 10%-нан аспайтын мөлшерде ғана қатыса алады.
Ал бірнеше ұйымдарға қатысқандағы үлесі өз капиталының 50%-нан аспауы керек. Бұл соманың 15%-ы маркетплейстер мен финтех-ұйымдарға қатысу шегі болып есептеледі.
Банктерді реттеудің жаңа жүйесі енгізіледі
Заң жобасындағы тағы бір өзгеріс – банктерді реттеудің үш сатылы жүйесі енгізіледі. Күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі және реттеу режимі.
«Банктің қаржылық жағдайының нашарлауының алғашқы белгілері бақылауды күшейтуге және қалпына келтіру жоспарларын жаңартуға әкеледі. Одан әрі нашарлаған жағдайда қосымша шараларды қолдану мүмкіндігімен қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі іске қосылады. Соңғы сатысында төлемге қабілетсіз деп танылған банк уақытша әкімшілікті тағайындау және қызмет қабілеттілігін бағалауды жүргізу арқылы реттелетін болады», – деп түсіндіреді агенттік өкілдері.
Әзірге бұл өзгерістердің барлығы нақты жүзеге асырылған жоқ. ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, күзге қарай заң жобасын Парламент талқылауына ұсынады.