«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» басқарма төрағасы өмірден озды

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры басқармасының төрағасы Ерлан Бурабаев өмірден озды. Ол 54 жаста еді деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
Ерлан Бурабаев бұл лауазымға 2024 жылдың 28 наурызында директорлар кеңесінің шешімімен тағайындалған. Ол Қазақстанның қаржы жүйесінде 30 жылға жуық еңбек еткен тәжірибелі маман еді.
Ұлттық Банкте, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, зейнетақы жүйесі мен сақтандыру ұйымдарында басшылық қызметтер атқарды.
«Ерлан Бурабаев — Қазақстан Республикасының сақтандыру секторын қалыптастыруға, қаржы тұрақтылығын нығайтуға және қаржы нарығының дамуына кәсіби өмірін арнаған көрнекті қаржыгер болды. Оның кәсіби біліктілігі, стратегиялық ойлау қабілеті мен экономикалық үдерістерді терең түсінуі әріптестері, серіктестері және қаржы саласындағы кең аудитория арасында зор құрметке ие болды», – деп жазылған қор таратқан хабарламада.
2014 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығында қызмет еткен.
«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамы – сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз ұйым.