Altel мен Tele2 брендтерін арабтар 1,1 млрд долларға сатып алды

Altel/Tele2 брендтеріне иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын Қатардың Power International Holding (PIH) холдингі 1,1 млрд долларға сатып алды. Бұл туралы «Қазақтелекомның» 2024 жылдың қорытындысына арналған қаржы есебінде баяндалды.
Есеп Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтында жарияланды.
«МТС-тің 100% үлесін сату жұмысы 2025 жылғы қаңтарда аяқталды. Келісімге сәйкес, МТС үлесі 1,1 млрд долларға сатылды, оның бір бөлігі шартты сыйақыдан тұрады», – деп жазылған құжатта.
«Сатушы шығарылған активтер» тармағында 577,3 млрд теңге деп көрсетілген. Бұл Ұлттық банктің 2024 жылғы 31 желтоқсанға белгілеген 523,54 бағамымен 11 млрд доллар болады.
1,1 млрд долларға берешектер де кіреді
Жыл аяғында «Мобайл Телеком-Сервистің» сатуға шығарылған активтері 577,3 млрд теңгеге бағаланған, соның 167,4 млрд теңгесі түрлі міндеттемелерге жатады. Оған займдар, жалға алу ақысы, салықтар, активтерді жою, мемлекеттік субсидиялар, компания берешектері кіреді.
2024 жылы «Мобайл Телеком-Сервистің» жиынтық табысы 161,2 млрд теңге болған. Көрсеткіш бір жылда 38,4%-ға ұлғайған. Дегенмен таза табыс 22%-ға, яғни 53 млрд теңгеге дейін қысқарған.
Қаржы есебінде «Қазақтелеком» 2024 жылғы 4 маусымда Қатардың PIH Interconnect Ltd. (PIH холдингіне еншеліс) компаниямен МТС-ті сату жөнінде келісімшартқа отырғаны айтылған. Қарашаның ортасында құжатқа қосымша енгізіліп, сатып алушы ретінде PIH Communication LLC көрсетілген.
Altel мен Tele2 брендерінің жаңа қожайыны туралы мәлімет
Power International Holding – Қатардың құрамына алты бөлім кіретін ірі конгломераты. Олар энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, телекоммуникация , ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, жылжымайтын мүлік, өмір салты (қонақ үй, ойын-сауық және кейтеринг) саларын қамтиды.
2024 жылғы қыркүйекте «Қазақтелеком» МТС-тің сатуға шығарылған активтерінің құнын 536,2 млрд теңге деп бағалаған.